Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген 8 өңірдегі ғимараттарды жөндеуге қанша теңге бөлінгенін айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандағы 8 өңірде 42 мемлекеттік ғимарат қиратылды. Олардың бірі – Алматыдағы президент резиденциясы. Бұл нысанды бұзу туралы шешім қабылданды. Ол туралы білесіздер. Бүгінде жалпы 41 нысанды жөндеуге 31 млрд 100 млн теңге бөлінді, - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, биыл қаңтарда 41 нысанның 37-ісі қалпына келтірілген. Жетісу облысы әкімдігінің ғимараты қалпына келтіріледі.
Наурызда Алматы қаласындағы Бас прокуратураның Құқықтық статистика ақпарат орталығы мен Алматы қаласының әкімдігі қалпына келтіріледі. Алматыдағы телерадиокешенге тоқталайын. Бұл ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды. Себебі, ол қалпына келтіруге жарамайды. Жалпы 350 коммерциялық нысан бүлінді. Бүгінде барлығы қалпына келтірілді. 1 789 кәсіпкерлік субъект залалды тікелей өтеуге өтінім берді. Шағын және орта бизнес объектілеріне 16 млрд 700 млн теңге бөлінді, - деді ол.