Қаңтар оқиғасы. 50-ге жуық құқық қорғау қызметкерлерінің біреуі ғана рақымшылыққа ілігеді

27 Қазан 2022, 12:01
1005
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. 50-ге жуық құқық қорғау қызметкерлерінің біреуі ғана рақымшылыққа ілігеді

Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қаңтар оқиғасы бойынша 1500-дей адам рақымшылыққа ілігеді. Жалпы Қаңтар оқиғасында қылмыс жасады деп күдікке ілінгендердің 49-ы – құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Сол 49-дың ішінен бір қылмыс қана рақымшылыққа жатады. Бұл – қылмысты жасырғаны үшін бабына қатысты. Қызмет бабын асыра пайдаланғандар және адам азаптағандар рақымшылыққа ілінбейді, - деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары Сенаттың кулуарында тілшілерге берген сұхбатында. 

Айтуынша, қазіргі уақытта Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Белгілі болғандай, 49 құқық қорғау саласының қызметкерлерінің 48-і рақымшылыққа ілінбейді. 

Еске сала кетейік, бүгін Сенат отырысында Қаңтар оқиғасына қатысты «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданған болатын. Заң жобасы мейірімділік, адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген. Рақымшылық өз қатесін мойындаған және қылмысы үшін кешірім сұраған адамдарға ғана жасалады, себебі қылмыс ақталмайды, қылмысқа аңдамай, қателікпен жол бергендерге рақымшылық жасалады. 

Өзгелердің жаңалығы