Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Консультативтік болжамға сәйкес қаңтар айының бірінші онкүндігінде республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашынды ауа райы, тұман және көктайғақ, солтүстік бөлігінде бұрқасынмен екпінді жел болжанады, деп хабарлайды "Казгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Алғашқы суыту толқыны бірінші онкүндіктің ортасында күтіледі, батыста ауа температурасы түнде 5-15, солтүстік бөлігінде 10-25 градус аязға дейін төмендейді, оңтүстік бөлігінде суыту толқыны онкүндіктің соңында 3-11 градус аязды құрайды.Кезекті суытудың екі толқыны екінші және үшінші онкүндікте болады деп болжанып отыр, ауа температурасының едәуір төмендеуін айдың үшінші онкүндігінде күтіледі. Солтүстік бөлігінде түнде 20-25, кей жерлерде 30, күндіз 15-20, кей жерлерде 10 градус аяз, оңтүстік бөлігінде түнде 17-22, кей жерлерде 12, күндіз 10-15, кей желерде 5 градус аяз болжанады.
Жалпы қаңтар айының орташа ауа температурасы нормадан 1°С жоғары, тек республиканың батыс, солтүстік және шығыс аймақтарының кей жерлерінде норма шамасында күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінде нормадан аз, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарының таулы жерлерінде нормадан көп, ал қалған аймақтарда климаттық норма шамасында болжанады.