2026 жылдан бастап қант диабетін емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген тізбесінен алынады. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев осылай деді. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді тегін алатын науқастардың басым көпшілігі экономикалық белсенді халық санатына жатады. Бұл олардың МӘМС жарнасын өз бетінше төлеу арқылы медициналық көмектің толық пакетіне қол жеткізе алатынын білдіреді. Қазір елде 500 мыңнан астам тұрғын қант диабетіне шалдыққан.
Бұл өзгерістер қант диабетімен ауыратын науқастар тегін медициналық көмектен қағылады деген сөз емес. Дәрі-дәрмектің құнын өтеу азаматтардың өз есебінен, не жұмыс берушінің есебінен, не мемлекеттің есебінен жүргізілетін болады, – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.
Ал МӘМС жарнасын төлеуге мүмкіндігі жоқ науқастар халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Қазір оның саны 1200-ге жуықтады. Олар үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен шығындарды өтеу көзделген.
Сақтандырылған мәртебесі жоқ адамдар жұмыс істесе, жарна төлеу керек. Егер олар жұмыссыз болса, биржаға барып, жұмыссыз ретінде тіркеліп, льготный категория ішіне кіру керек. Олар Д немесе Е категориясына жататын азаматтар болса, өз санатын анықтап, 2026 жылда болатын өзгерістерге дайын болу керек, - деді ҚР ДСМ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды талдау және жетілдіру департаментінің директоры Ләззат Шоманова.