Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов барлық партия бір БАҚ-қа үгіт материалын орналастырмаса, бұл заң бұзушылық болып саналмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері «Медиаресурс сайлау науқанына қатысушы бүкіл саяси партияға эфир уақыты мен ақпараттық алаңды міндетті түрде ұсынуға тиіс пе?» деген сауал қойды.
Бұл – ақпараттық материалдарды орналастыруға қатысты өте маңызды әрі орынды сұрақ. Біз барлық қатысушы үшін қолжетімділік пен талаптардың тең болуын қамтамасыз етуіміз керек. Алайда үгіт материалдарын орналастыру кезінде олардың барлық партия арасында тең бөлінуі негізгі талап емес. Заңға сәйкес, үгіт материалдарын орналастыру саяси партиялардың таңдауы мен сайлау қорларының мүмкіндігіне байланысты, – деді Қанат Ысқақов.
Оның сөзінше, белгілі бір телеарнада үгіт материалдарын тек екі партия орналастыруға шешім қабылдап, қалғандары одан бас тартса, бұл олардың заңды құқығы.
Әрбір саяси партия сайлауалды стратегиясын дербес қалыптастырады. Мәселен, кейбір партиялар әлеуметтік желілерге немесе баспа өнімдеріне басымдық беруі мүмкін.
Сондықтан үгіт материалдарын орналастыру мәселесі сайлау процесіне қатысушылардың, яғни саяси партиялардың өз құзыретіне жатады. Ал ақпараттық материалдар барлық партияға тең көлемде берілуге тиіс. Үгіт материалдарының көлемі партиялардың ақпараттық стратегиясы мен сайлау қорларының мүмкіндігіне байланысты, – дейді вице-министр.