Қанат Әуесбай жаңа қызметке тағайындалды

17 Наурыз 2022, 19:22
5345
Бөлісу:
Қанат Әуесбай жаңа қызметке тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қанат Әуесбай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалының төрағасы боп тағайындалды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы Қанат Әуесбайды астаналық филиалға төраға етіп тағайындады. Жаңа төраға Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақ тілі мен мәдениеті форумында таныстырылды. Журналистикада Әуесбайдың Қанаты есімімен танымал әріптесіміз көп жылдар БАҚ, жоғары білім, үкіметтік емес ұйымдар саласында жемісті еңбек етіп, журналистиканы педагогикамен ұштастырып жүрген білікті маман. Ол бүгінде астаналық «Elorda-Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары боп қызмет етіп жүр. Жаңа қызметті Қанат Әуесбай қоғамдық негізде атқарады. 

Қанат Әуесбай журналист-педагог, филология ғылымдарының кандидаты. Ол әр жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі, шеф-редакторы, «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры, жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, «Astana» телеарнасының жүргізушісі,  Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінің аға сарапшысы боп табысты қызмет етті. Әл-Фараби қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Л.Гумилев Еуразия ұлттық университетінің доценті, Атыраудағы Халел Досмұхаммедұлы университетінің аға оқытушысы болды.

Қанат Әуесбай БАҚ өкілдері арасынан «Болашақ» бағдарламасымен оқыған тұңғыш журналист. Шығыс Англия университетінің түлегі (Ұлыбритания, Норвич қаласы). Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Ұлыбританияда басылып шыққан қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабы авторы.

Өзгелердің жаңалығы