Астана, BAQ.KZ. Елордалық полиция қызметкерлері қоғамдық көлікте және азаматтар жаппай жиналатын орындарда бірқатар қалта ұрлықтарын жасады деген күдікпен Жамбыл облысының екі тұрғынын ұстады.
Қаскүнемдер әсіресе қарбалас сәтті және жолаушылары көп бағдарларды таңдаған. Ретін келтіріп, қалталарынан ұрлаған. Ұялы телефондар және әмияндар ұрылардың олжасына айналған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, олардың елорда аумағында осы секілді қылмыстарға қатысы тексерілуде. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Егер де Сіз аталған тұлғалардың әрекетінен зардап шексеңіз, Бейбітшілік көшесі,19 мекенжайы бойынша Астана қаласы Полиция департаментіне немесе 8 (7172) 71-61-71, 71-62-47,71-60-10, 102 телефондарына қоңырау шалуларыңызды сұраймыз.
Полиция қызметкерлері азаматтарды мұқият болуға шақырады және қалта ұрлығын алдын алу үшін белгілі бір ережелерді сақтауды ұсынады: бағалы заттарыңызды киімнің ішкі қалтасына тереңірек салыңыз, шығар алдында түймесі салынғанын тағы бір тексеріңіз.