Бұл туралы «Желмая» жобасына сұхбат берген композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мемлекеттік туымызды азаматтардың қалаған жеріне ілуіне рұқсат берген жөн.
Түрік елінде жиі боламын. Өздерінің жалпы рәміздеріне деген көзқарастары ерекше екенін байқап жүрмін. Олардың патриоттық сезімдері айтарлықтай деңгейде, өздерін мақтан етіп сыйлайтын халық. Әрине, үлкен тарихтары бар. Олар үлкен империя болды. Оның барлығы естерінде. Соған байланысты тарихи көркемдік, деректі фильмдерді, сериалдарды көп түсіреді. Он балконның біреуінде мереке бар ма, жоқ па, түрік жалауы ілініп тұрады, - деп атап өтті композитор.
Сондай-ақ ол мұндай дәстүрді біздің елге де енгізсе, артық болмайды деп отыр.
Бізде жалауды анда-мында тақпауға қатысты заң болды. Біз де байрағымызды насихаттап, рұқсат беруіміз керек. Балконға іле ме, көлігіне іле ме, оған рұқсат беріп, қашпауымыз керек. Заманға сай нәрселерді қолдаған дұрыс, - деді Төлеген Мұхамеджанов.