Қазақстанда соңғы он жылда ауылда дамытуға арналған түрлі бағдарламаның қолға алынғанына қарамастан, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі жыл сайын орта есеппен 5 пайызға артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қазақстанда еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында жазылған.
Тұжырымдамаға сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстан халқының 60 пайызы қалаларда тұрады және ауылдан қалаға көшушілер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны 2,2 есе артады.
Мегаполистердің инфрақұрылымдық дамуы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру үдерісімен үндестірілмеген. Ауылдық жерлерден қалаларға келген мигранттар сапалы жұмыс таба алмайды. Бұл ретте географиялық қана емес, сонымен қатар секторлық көші-қон да жүріп жатыр, – делінген тұжырымдама жобасында.
Қазақстан ішіндегі урбанизация келешекте кейбір өңірлерде жұмыс күшінің профицитіне және керісінше кей аймақтарда жұмыс тапшылығына әкелуі мүмкін. Мысалы профицит Оңтүстік макроөңірде (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы) байқалады деп болжанса, 2029 жылға Солтүстік макроөңірде жұмыс күші 10% және Орталық-Шығыс макроөңірде 12,1% қысқарады.
Ауылдан қалаға көшумен қатар, еңбек нарығында күрделі мәселе тудырып отырған тағы бір мәселе – қазақстандықтардың шетелге көшуі. Тұжырымдама жобасынан белгілі болғандай, бұл көштің өсімі де тұрақты болып отыр. Оған қоса, шетелге көшкен қазақстандықтардың 60 пайызының жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар. 2020 жылы жасалған Boston Consulting Group қазақстандықтардың 64 пайызы шетелге көшу мүмкіндігін қарастыратынын көрсеткен.