Алматыдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бір тарап мұны қаланы жаңарту деп қабылдаса, енді бірі тарихи келбеттің жойылуы деп санайды.
Урбанист, қалалық антрополог, Gorozhanym қорының жетекшісі Алеся Нугаева бұл мәселеге жан-жақты қарау қажет екенін айтты.
"Қала - тірі организм"
Қала туралы айтқанда, кез келген өзгеріске кешенді түрде қарау өте маңызды. Қаланы тірі ағзаға теңеуге болады. Адам денесінде бір мүшеге әсер етсең, ол бүкіл ағзаға ықпал етеді. Қалада да дәл солай, – деді ол.
Оның айтуынша, қала тек сәулет нысандарынан тұрмайды. Мұнда табиғи орта, климат, желдің бағыты, таулардың орналасуы, көгалдандыру жүйесі секілді факторлар да маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жылдар бойы қалыптасқан мәдениет пен тұрғындардың өмір салты да қаланың ажырамас бөлігі саналады.
Сәулет қабаты бар, бірақ одан бөлек те көп дүние бар. Бұл – материалдық емес мұра. Адамдардың көршілік байланысы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмір салты, күнделікті дағдылары, сүйікті саябақтары, таныс дүкендері – мұның бәрі қаланың бір бөлігі, – деді сарапшы.
Урбанист Алеся Нугаева. Фото: жеке архив
Алеся Нугаева ескі үйдің артында тұтас бір дәуір тұратынын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай үйлерде тек адамдар тұрып қана қоймай, онда белгілі бір кезеңнің рухы, сол жердің мәдениеті мен тұрғындардың естелігі сақталады.
Ескі тұрғын үйді бұзу жай ғана ғимаратты сүріп, адамдарды басқа жерге көшіру деген сөз емес. Әр үйдің артында тұтас тарих бар. Ол – елдің тарихы, қаланың тарихы, отбасының тарихы, көршілер қауымдастығының тарихы, – деді ол.
Маман Алматыда бұзылуы мүмкін нысандар қатарында негізінен ерте кеңестік кезеңде салынған екі қабатты үйлер барын айтты. Мұндай үйлер қаланың кей бөліктерінде, соның ішінде Масаншы көшесі, Байтұрсынұлы көшесі маңында және Түрксіб ауданында сақталған.
Оның пікірінше, ескі үйлердің орнына көпқабатты тұрғын кешендер салынса, бұл өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Сүрілген үйлердің орнына дәл бұрынғыдай екі қабатты үйлер салынбайтыны түсінікті. Оның орнына көпқабатты құрылыс салынады. Бұл экологияға да, әлеуметтік ортаға да әсер етеді. Жел айналымы өзгереді, ауаның өтуі қиындайды, – деді Нугаева.
Сарапшы көпқабатты үйлерде көршілік байланыстар әлсірейтінін де атап өтті.
Бұрыннан қалыптасқан көршілік қатынастар үзіледі. Ал көпқабатты үйлер урбанизацияланған қалалардың дертіне айналды – адамдар есігін жауып алып, көршісінің кім екенін де білмей жатады. Ал әлсіз әлеуметтік байланыстар адамның өмір сапасы үшін өте маңызды, – деді ол.
Сонымен қатар, халық саны көбейген сайын инфрақұрылымға салмақ түседі. Яғни мектептер мен балабақшаларда орын жетіспеуі мүмкін, автотұрақ мәселесі күшейеді, су мен электр жүйесіне жүктеме артады. Жол қозғалысы мен қоғамдық көлікке де қысым күшейеді.
Алеся Нугаева ең үлкен қауіптің бірі – қаланың өз болмысынан айырылу екенін айтты.
Біз қаланың бір қабатын "өшіріп", орнына жаңасын қойып жатырмыз. Бұл қаланың жадының бөлшектерін кесіп тастаумен бірдей. Демек, тұрғындардың да ортақ жады жоғалады, – деді урбанист.
Оның сөзінше, қаланы жаңарту кезінде тек шаршы метр мен жаңа ғимараттар емес, адам мен орта арасындағы байланыс та ескерілуі тиіс.