Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қала көркі – қоқыссыз көше: адал еңбек, алып жүрек

29 Маусым 2025, 19:23
563
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Таза қала – тәртіпті елдің көрінісі. Бірақ Елорда көшелерінің мұнтаздай болуы өздігінен болмайды. Таң қараңғысында оянып, қолына күрек пен сыпырғы алған қарапайым жандардың арқасында Астана күнде тап-таза күйде тұрғындарын қарсы алады. Олар – көрінбейтін еңбек майданының қаһармандары.

BAQ.KZ тілшісі «Астана Тазалық» ЖШС-да жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан еңбек адамдарымен тілдесіп, тазалық саласының көрінбейтін жағын, шынайы тіршілігін ашып көрсетуге тырысты.

 

Сәлима Бибатыр: Қаланың көркі – қоқыссыз көшеде

Түркістан облысынан елордаға арман арқалап келген Сәлима Саханқызы 18 жылдан бері жол жұмысшысы. Таңғы сағат 5-те оянып, 6-да қолына күрек алып көшені тазартады. Қысы-жазы тоқтамайтын жұмыстың қиындығына қарамай, отбасын өсіріп, бес баласын білімге жетелеген ардақты ана.

Қала көркі – қоқыссыз көше: адал еңбек, алып жүрек

Біздің жұмыс – көзге көрінбейтін еңбек. Қиындық көп, бірақ алғыс айтатын адамдар да аз емес. Кейде көшеден өтіп бара жатқан тұрғын бір шыны шай ұсынып кетсе, соның өзі жанымызды жадыратады, – дейді ол.

 

Татьяна Ускинова: Бақытымды еңбектен таптым

19 жылдан бері тазалық саласында қызмет етіп жүрген Татьяна ханым – қазақ тілін жетік меңгерген, әріптестері арасында ерекше сыйға ие жан. Қарағанды облысынан шыққан ол алғашында қар тазалап, кейін бригадир, шебер қызметіне дейін өскен.

Қала көркі – қоқыссыз көше: адал еңбек, алып жүрек

Қалаға таңмен бірге келеміз, 3-те тұрып, 4-те жолға шығамыз. Жол бойындағы әр тасты, әр қоқысты байқап, жан-тәнімізбен тазалыққа үлес қосамыз. Бұл – менің кәсібім ғана емес, өмір салтым, – дейді кейіпкеріміз.

 

Бибігүл Мақұлбекова:  Еңбек еленсе – өмірдің мәні артады 

20 жылдан астам уақытын қаланың тазалығына арнаған Бибігүл Төлегенқызы жуырда ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденімен марапатталды. Қарапайым көше сыпырушыдан марапат иегеріне дейінгі жол – табандылық пен адал еңбектің көрінісі.

Қала көркі – қоқыссыз көше: адал еңбек, алып жүрек

Қала әкімінің өз қолынан марапат алу – мен үшін үлкен құрмет. Бұл тек менің ғана емес, барлық әріптестерімнің еңбегінің көрінісі, – дейді ол.

Бұл әйелдер – әр күнін қарапайым құралмен бастап, қаланың тіршілігін бірінші боп сезінетін жандар. Олар – тазалықтың тірегіне айналған әйелдер, аналар, еңбекке адал тұлғалар. Олардан үйренеріміз – жұмысқа деген сүйіспеншілік, отбасына деген жауапкершілік, қиындыққа мойымайтын қайсарлық.

Қоғам көбіне көзге көрінетін салаларға ғана баға береді. Бірақ осы сұхбаттардан көрінетіні – елордадағы тазалықтың артында әрбір қадамға, әрбір күрекке, әрбір терге толы тағдырлар тұр. Олар үшін бұл жұмыс – жай табыс көзі ғана емес, баласының болашағына апарар жол, адал еңбектің тірі үлгісі.

Тазалық – тек мекеменің ғана емес, барша қоғамның жауапкершілігі. Сәлима, Татьяна, Бибігүл сынды жандар – үнсіз қаһармандар. Олар болмаса, қала дәл бүгінгідей көркем болмас еді. Ал олардың еңбегін бағалау – әрбір тұрғынның парызы.

Қоқысты жәшікке тастау – мәдениеттің өлшемі. Ал сол жәшікті босатып, айналаны тап-таза етіп отыратын адамдарға бір "рахмет" айту – адамгершіліктің нышаны.

Өзгелердің жаңалығы