Қағаздың иісін сезініп, кітапты қолға ұстаудың жөні бөлек – түркиялық баспагер

22 Сәуір 2022, 11:45
2227
Бөлісу:
Қағаздың иісін сезініп, кітапты қолға ұстаудың жөні бөлек – түркиялық баспагер
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы «ЕХРО» халықаралық көрме орталығында «Eurasian Book Fair-2022» V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатқаны белгілі.

Осымен бесінші рет әлемнің Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Испания сынды елдердің маңдайалды баспаларының басын қосқан көрмеде түркиялық баспа ісінің маманы Ферхат Чевикпен тілдесудің сәті түскен болатын. 

- Ферхат бей, елімізге қош келдіңіз! Көрмеге алғаш рет қатысып отырсыздар ма? 

- Қош көрдік! Жоқ, «Eurasian Book Fair-2022» көрме-жәрмеңкесіне биыл үшінші рет қатысып отырмыз. Халықаралық деңгейдегі ауқымды шараға Ыстанбұл қаласынан ат терлетіп келдік. «Мега Басым» атты баспаның халықаралық сатылымдарды ұйымдастыратын маманы болып қызмет етемін. Біздің баспа үйінің 30 жылдық тарихы бар. 250-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Түркиядағы ең үлкен баспаханалардың бірі болып саналады. Еуропа, Орта Азия, Америка, Африканың отыздан астам еліне экспортқа шығамыз. 

Қағаздың иісін сезініп, кітапты қолға ұстаудың жөні бөлек – түркиялық баспагер

- Кітаптарыңыз негізінен қай тілдерде шығады? 

- Біз үшін тіл маңызды емес. Клиенттеріміз қай тілде тапсырыс берсе, сол тілде басып шығарып береміз. Мәселен, қазақ, түрік, араб, орыс, еврей, хинди тілдерінде басылған. Кітаптан басқа, журнал, суретшілердің альбомдарымен де жұмыс істейміз. 

- Қазақстанмен жұмыс істеп жатқандарыңызға қанша уақыт болды? 

- Қазақстан – біздің негізгі әріптестеріміздің бірі десе болады. «Атамұра», «Алматыкітап», «Фолиант» сынды баспалармен тығыз қарым-қатынастамыз. Мәселен, «Атамұра», «Алматыкітаппен» бірлесіп қазақстандық оқулықтардың біразын бізден шығардық. Мысалы, өзіңіз көріп тұрған «Жаратылыстану», одан басқа, «Әдебиеттану» кітаптары Түркияда басылды. Ал «Фолиант» баспасы арқылы әдеби шығармалар, жазушылардың кітаптары жарық көрді. Осы жолы Ұлттық банктеріңіздің әлі тұсаукесері өтпеген «Ұлттық банк монетасы» атты кітабын әкелдік. Ол жерде Қазақстан монетасының тарихы туралы жазылған. 

Қағаздың иісін сезініп, кітапты қолға ұстаудың жөні бөлек – түркиялық баспагер

- Осы уақытқа дейін қандай белгілі тұлғалармен жұмыс істедіңіздер? 

- Негізінде баспа үйлерімен жұмыс істейміз. Өздері жеке келіп, тапсырыс берген жазушылар аз. Алайда бар. Мысалы, өзбекстандық әйгілі қылқалам шебері Акмал Нок Ыстанбұлға өзі арнайы келіп, кітабының мұқабасын, бояуына дейін өзі таңдап тапсырыс береді. Түркиялық белгілі жазушылардың кітаптарын 700 мың данамен шығардық. Түрлі мемлекеттердің Президенттерінің, министрлерінің мерейтойлық кітаптарын басамыз. Сөзіме дәлел, Нұрсұлтан Назарбаевтың көп кітаптары бізден шықты. 

- Әлем болып электрондық форматқа ауысып жатқанда баспа нарығы қандай қиындықтармен бетпе-бет келді? 

- Пандемиядан соң шикізат жағынан біраз қиындықтар туындады. Әлемде орын алған қағаз тапшылығы бізді де айналып өтпеді. Қағаздың бағасы 2-3 есе қымбаттап кетті. Бұл да жұмысымызға кедергі. Одан бөлек, логистика мәселесі бар. Бірақ сонда да тапсырыс азайған жоқ. Қазіргі уақытта Еуропамен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Себебі дағдарыс жағдайында нарықтағы жылдам өзгеретін ахуалға қарай бейімделуіміз қажет. 

Қағаздың иісін сезініп, кітапты қолға ұстаудың жөні бөлек – түркиялық баспагер

- Жақын болашақта баспа саласы кенжелеп қалмай ма? Әлде полиграфия индустриясы басқа бір деңгейге шыға ма? 

- Қазір Түркияда кітап оқуға әуестердің саны артып келеді деп ауыз толтырып айта аламын. Балалар әдебиетіне тапсырыс көп түседі. Соған қарағанда кенжелеп қалады деп ойламаймын. Керісінше, жаңа форматта, цифрлық баспаны қолданып, заман талабына сай өнімдер жасауға тырысамыз. Экономикалық құлдырау цифрлық баспа нарығының дамуына әсер етті. Тапсырыс берушілердің бюджеті қысқарып, өнімнің бағасы артты. Бәсекелестік те күшейді. Алайда сала жанданып, ең мықтылар ғана қалды. Кітаптың орны қашан да бөлек. Адамдар кітаптың иісін сезініп, қолдарына ұстап оқығанның жөні ерекше. ХХІ ғасырда да кітап бізден ешқайда кетпейді. Кітап ешқашан өлмейді! 

Қағаздың иісін сезініп, кітапты қолға ұстаудың жөні бөлек – түркиялық баспагер

- Кітапсүйер қауымға не тілейсіз?

- Қазақстанға 15 жылдан бері жұмыс барысында келіп тұрамын. Кітапсүйер қауымның өнім сапасы тұрғысында талғамы өскенін байқадым. Мәтіннен бөлек, мұқабасы, суреті, дизайны, қағазының сапалы болуы оқырман үшін маңызды. Бұрын сапа жағынан біраз олқылықтар болса, интернет дамығаннан бері материалдық сапа да артты. Соңғы он жылда интернет, әсіресе әлеуметтік желілер қатты дамып кетті. Алайда қандай дамыған заман болса да, кітап оқудан бас тартпаңыздар! Өйткені кітап оқу – адамның санасын, мәдениетін, ойлау өресін, дүниетанымын кеңейтеді. 

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы