Алматыда бүлдіршіндердің қолымен салынған суреттер жасанды интеллект көмегімен 3D-голограммаға айналды. Қағаз бетіндегі түрлі түсті балықтар, дельфиндер мен тасбақалар суасты әлемінде қозғалып, балаларға ерекше әсер сыйлады. Бұл тың тәжірибе №166 балабақшада өткен интерактивті семинарда көпшілік назарына ұсынылды.
«Суастындағы суреттер әлемі» атты шеберлік сабағында балалар теңіз жануарларының суретін салып, түрлі түске бояды. Артынша олардың еңбегі арнайы цифрлық құралдардың көмегімен қозғалыстағы 3D-бейнелерге айналды. Бүлдіршіндер өздері салған кейіпкерлерін танып, қуаныштарын жасыра алмады.
Мұндай формат балаларға өз қиялындағы бейнелерді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беріп, виртуалды әлемде қалай көрініс табатынын бақылай алады.
Бала өзі салған суретінің қозғалғанын көргенде, ерекше қуанады. Біз үшін маңыздысы - сол қызығушылықты баланың ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамытуға бағыттау. Жасанды интеллект осыған жаңа мүмкіндік беріп отыр. Балалар жаңа технологияның қызығын көрумен шектелмей, өздері де жаңалық ашуға талпынып, қиялындағы тың идеяларын өмірге әкелгенін қалаймыз, – деді №166 балабақшаның меңгерушісі Альмира Атханова.
Әлемдік тәжірибе және тәрбиешілерге арналған жаңа мүмкіндіктер
Жасанды интеллектінің мектепке дейінгі білім берудегі мүмкіндіктері әлемнің бірқатар елінде зерттеліп жатыр. Сингапурда роботтарды балалардың эмоцияларды тануына арналған сабақтарға қатыстырады. Қытайда ойын арқылы оқытудың жаңа тәсілдері қарастырылса, Финляндияда балалардың сөйлеу дағдыларын жетілдіретін роботтар әзірленуде.
Алматыдағы семинарда да тәрбиешілерге күнделікті жұмыста қолдануға болатын цифрлық құралдар таныстырылды. Олардың көмегімен сабаққа арналған көрнекіліктер, дидактикалық ойындар, дамытушы тапсырмалар мен балалардың жасына лайық материалдарды әзірлеуге болады.
Мұндай құралдар педагогтердің дайындыққа жұмсайтын уақытын қысқартып, балалармен жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік береді.
Жаңашыл бастамаға қолдау
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық жаңғыру мен технологиялық тұрғыдан дамыған қоғам қалыптастыруды елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындады.
Алматыдағы семинар осы бағыттағы жұмыстардың мектепке дейінгі білім беру саласында да қолға алынып жатқанын көрсетті.
Бүгінде білім беру саласында жоғары нәтижеге қол жеткізумен қатар, жаңашылдыққа ұмтылу, іздену және тәжірибе алмасу да маңызды. Балабақшалардың өздері бастама көтеріп, әріптестеріне үлгі болатын жұмыстар атқарып жатқаны қуантады. Мұндай тәжірибелердің кеңінен таралуы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Алматы қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Мираш Доскеева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасанды интеллект тәрбиешінің орнын басуға емес, оның еңбегін жеңілдетуге арналған. Сондықтан цифрлық құралдарды қолданғанда баланың жас ерекшелігі мен оқу-тәрбие жұмысының талаптарын ескеру қажет.
Технология тәрбиешіге қызмет етуі керек, керісінше емес. Жасанды интеллект сабаққа қажетті материалдарды тезірек дайындауға, оқу процесін түрлендіруге және балалардың жеке ерекшеліктерін ескеруге көмектеседі. Алайда кез келген жаңалықтың тиімділігі оны қаншалықты орынды қолдануға байланысты. Сондықтан жаңа құралдарды тәжірибеде сыналған педагогикалық әдістермен ұштастыруға мән береміз, – деді Альмира Атханова.
Шараның ең әсерлі сәті балалардың өз суреттерін қозғалыста көрген кезі болды. Бірі экраннан өзі салған сегізаяқты іздесе, енді бірі дельфин мен тасбақаның қимылын қызыға тамашалады. Балалардың қуанышы мен таңданысы жаңа технологияның ең алдымен олардың білім мен ғылымға деген ынтасын оятуға қызмет етуі керектігін көрсетті.