Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күнделікті өмірде жиі қолданып жүрген тұрақты тіркестер құрамында мағынасы түсініксіз сөздер баршылық. Біз тіркестердің жалпы мағынасын түсінгенімізбен, оның өзегін құраған кейбір сөздің түпкі мағынасын біле бермейміз.
Себебі фразеологизмдер – көненің көзі. Тіл өзгереді, дамиды. Саяси немесе экономикалық өзгерістер, қоғамдық өмірдегі ауысулар, уақыттың жылжуы – тілге, лексикалық қорға әсерін тигізбей қоймайды. Мысалы, XX ғасырдың басында көшпенділіктің күйретіліп, отырықшылықтың жаппай орнатылуы қазақи тұрмыс-тіршілікке байланысты көптеген ұғымның да бірге ұмытылуына жол берді.
Дәстүрлі қазақи қоғамның тұтастай өзгеруі бұл күндері қағанағы қарық, сағанағы сарық деген тұрақты тіркестің құрамындағы қағанақ және сағанақ ұғымдарының негізгі мағынасын түсінбеуімізге әкеліп отыр.
Сонымен, қағанағы қарық, сағанағы сарық тұрақты тіркесіндегі қағанақ, сағанақ сөздері – күнделікті қолданыста жеке кездеспейтін тұлғалар. "Қазақ сөздігінде" қағанақ сөзіне "малдың іштегі төлін орап тұратын, жұқаша қабық" деген түсінік берілген. Мұның әрине, жоғарғыдағы тұрақты тіркеске қатысы жоқ. Ал қағанағын қақ жарды, қағанағынан қағынған дегендердегі қағанақ сөзі сөздіктегі мағынамен сәйкес келеді.
Біз сөз етіп отырған қағанағы қарық, сағанағы сарық фразеологизміндегі қағанақ сөзінің мағынасы қандай? Сол сұраққа жауап беріп көрейік.
Түрікмен тілінің говорларында қағанақ деген сөз "уыз, малдың алғашқы сүті" мағынасында сақталған.
Өзбек тілі сөздігінде қақаноқ сөзіне "қойдың алғашқы сүтінен жасалған тамақ түрі" деген анықтама берілген.
Рабиға Сыздық және Әбілхан Нұрмағамбетов өздерінің еңбектерінде қағанақ сөзіне Радлов пен Будагов сөздіктерінде берілген анықтамалар негізінде "уыз, уыздан жасалған тәтті тағам" деген анықтама береді.
Ақселеу Сейдімбек уызқағанақ "уызы қайтпаған қойлардың сүтінен пісіріліп жасалатын үлкен-кішінің сүйсініп жейтін тағамы" деген ұғымның бар екендігін айтып, қағанағы қарық болды деген тіркестің көктемдегі уыздың молдығына орай айтылғанын жазады. Бұған дәлел ретінде ел аузындағы өлең жолдарын келтіреді:
Қойым жайып келемін бозғанаққа,
Өзім тойып келемін қағанаққа.
Сайып келгенде, қолда бар деректер негізінде қағанақ сөзін "уыз, алғашқы сүт, уыздан, қойдың сүтінен жасалған тағам" деп түсіндіріп бере аламыз.
Ал қарық болу сөзінің мағынасы "бір нәрсеге жарыды, жетісті" екендігі мәлім.
Демек, қағанағы қарық – "уызға яғни тамаққа қарық, қарны тоқ" дегенге саяды.
Енді сағанақ сөзінің мән-мағынасын іздесек, ғалым Рабиға Сыздық түсіндірмелі сөздіктегі сағанақ-ты "керегенің қоспасындағы шолақ ағаштар" деген түсіндірмемен байланысты көреді. Сағанақ сөзінің этимологиясы "өлген адамның басына тұрғызылатын күмбез" мағынасындағы сағана сөзіне қатысты болуы мүмкін екендігін де айтады.
Қазақ сөздігінде сағанақ сөзі "керегенің жеке ұзын таяғы, екі керегенің қосылған, байланысқан жері" деп берілген.
Cағанақ сөзі түрк-моңғол тілдерінде түрлі мағынада қолданылады. Мысалы, әзербайжан тілінің диалектілерінде saganag "шеңбер, щеңбер түріндегі зат". Қырғыз тілінде сақанат "киіз үйдің әр қанатында төртеуден болатын керегенің қысқа таяқшалары"; қарақалпақ тілінде сағанақ "терезе немесе есіктегі кішкентай ғана тесік, саңылау": қапының сағанағынан қарады; башқұрт тілінде сағарақ "киіз үйдің жоғарғы бөлігінде керегелерді жалғап тұратын шеңбер".
Моңғол тілінде сағана "керегенің ұштары", ал қалмақ тілінде сағнағ "керегенің сағанақтары".
Бұл деректерді жинақтай келе, сағанақ "керегенің жеке ұзын таяғы, екі керегенің қосылған, байланысқан жері, керегенің қоспасындағы шолақ ағаштар" мағынасындағы атау екен.
Енді бұл бөлшек қалай бір фразеологизмге арқау болды деген заңды сұрақ туады. Бұл тұрақты тіркестегі сағанақ "кереге", "үй-жай" мағыналарында қолданылған болуы керек. Қағанағы қарық, керегесі сарық деп те алуға болар еді. Бірақ әр сөзін ұйқаспен айтатын дана қазақ қағанақ-қа ұйқас ретінде сағанақ сөзін таңдап алған. Сағанақ және кереге киіз үйдің негізгі бөлшегі болғандықтан, одан "үй-жай" деген ауыспалы мағынаның шығуы ғажап емес.
Соңғы сарық – "сары" деген сөздің көне формасы. Бұл да қарық сөзіне ұйқас ретінде таңдалған нұсқа болуы керек. Өзімізге мәлім, көне түркі тіліндегі сөз соңындағы қ/ғ-лар қазақ тілінде түсіп қалады: сарығ>сары, йылығ>жылы, тіріг>тірі.
Қорыта келгенде қағанағы қарық, сағанағы сарық тұрақты тіркесі – "қарны тоқ, көйлегі көк, ішкені алдында, ішпегені артында, не ішемін, не жеймін демейді, жырғап жүр" дегендермен синонимдес. Ал сөзбе-сөз аударсақ, тамаққа/уызға қарық, керегесі сарық дейміз. Бұл дегеніміз "қарны тоқ, үйі-жайы да бар" дегенмен пара-пар. Қарны тоқ, көйлегі көк деген варианттың қатар жұмсалуы айтқандарымыздың қосымша дәлелі бола алады.
Марлен Әділов
Түркітану мамандығы бойынша PhD доктор