Қадір түні бас мүфти ел тыныштығы үшін дұға оқыды

6 Сәуір 2024, 02:45
394
Бөлісу:
Қадір түні бас мүфти ел тыныштығы үшін дұға оқыды
Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түнінде елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне арнайы барып, жамағатпен бірге хатым дұғасын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл түнді күллі мұсылман үмбеті асыға күтеді. Қадір түні – дұғалар қабыл болатын, Жаратушы Алла Тағаланың бұйрығымен періштелер түгелдей жер бетіне түсіп, таң атқанша адамзатқа сәлем жаудыратын түн. Рамазан кірген түннен бастап тарауық намазында оқылатын Құран Кәрімнің хатым дұғасын дәл қасиетті Қадір түні жасауымыздың себебі де – осы.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай, - деді ҚМДБ төрағасы.

Бас мүфти Құран Кәрімнің соңғы аяттары оқылған тарауық намазынан кейін хатым дұғасын жасап, жер бетіне бейбіт өмір, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі. Құран Хатым сауабын елдігіміздің жолында ерен еңбек еткен асыл тұлғалардың рухына бағыштап, қазіргі таңда еліміздің бірнеше аймағында болып жатқан тасқын судан пана, тұрғындарға жеңілдік тіледі.

Өзгелердің жаңалығы