Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Путин Трамптың өкілімен үш сағат келіссөз жүргізді

6 Тамыз 2025, 19:46
1946
Бөлісу:
 Kremlin.ru
Фото: Kremlin.ru

Ресей президенті Владимир Путин 6 тамыз күні АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффты қабылдады. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Путин Кремльде Уиткоффты қарсы алып, оған ағылшын тілінде "Қош келдіңіз" деді.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, кездесуге президент көмекшісі Юрий Ушаков та қатысқан.

Кездесу шамамен үш сағатқа созылды, содан кейін Уиткофф АҚШ елшілігіне бет алды.

Юрий Ушаков Путин мен Уиткоффтың әңгімесін "өте пайдалы әрі сындарлы" деп бағалады. Келіссөз барысында Украинадағы қақтығыс пен АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту перспективалары талқыланған.

Ушаковтың айтуынша, Мәскеу Украина мәселесі бойынша "бірқатар сигналдар" берген және Трамптан "тиісті жауап сигналдарын" алған.

Алайда Ресей президентінің көмекшісі кеңірек түсініктеме беруден бас тартты. Себебі АҚШ президенті әлі кездесудің нәтижелері бойынша есеп алмаған.

Уиткоффтың сапары қарсаңында Трамп Ресей билігінің арнайы өкілмен кездескісі келгенін және кездесуді "сұрағанын" мәлімдеген болатын.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеуде Уиткоффты "әрқашан қуана қарсы алатындарын" айтты.

Еске салайық, бұған дейін Трамптың ультиматумына 2 күн қалғанын жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы