Ресей президенті Владимир Путин Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылуымен қатысушыларды құттықтап, видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейнеүндеуінде ол бұл турнир спорт пен инновацияны, физикалық және зияткерлік мәдениетті тоғыстыратын бірегей жоба екенін атап өтті.
Фиджитал қозғалысының бастауында дәл біздің еліміздің тұрғанын мақтан тұтамыз. Әрине, спорттың осы түрін дамыту үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Бүкілресейлік фиджитал спорт федерациясы 2022 жылдың қарашасында құрылды. Ал 2024 жылдың ақпан-наурыз айларында біздің елде алғашқы «Болашақ ойындары» өтіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі спортшылар мен көрермендердің зор қызығушылығын тудырды, – деді Путин.
Сондай-ақ Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада «Болашақ ойындарын» өткізуге қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.
Үшінші «Болашақ ойындарының» Астанада өтуі дәл Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қатысуы мен бұл бастамаға ерекше қолдау білдіруінің арқасында мүмкін болды, – деді Владимир Путин.
Айта кетейік, Қазақстан аталған турнирде 11 командамен, сондай-ақ жекелеген спортшылармен өнер көрсетеді.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.
Сондай-ақ іс-шараның ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Еске сала кетсек, елордада 29 шілде – 9 тамыз аралығында өтетін сайыста 34 елден 800 спортшы бақ сынайды.