Ресейдің бұрынғы көлік министрі Роман Старовойт өлі күйінде табылды. Бұл туралы «112», Shot және Mash телеграм-арналары мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Марқұмның денесі Одинцово қаласындағы үйінен табылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Старовойт өз-өзіне қол жұмсаған. Shot арнасының мәліметінше, оның жанынан қару табылған, ал Mash жазғандай, ол 2023 жылы ІІМ тарапынан сыйлық ретінде берілген марапаттық қарумен өзін атып өлтірген.
Қылмыстық іс себеп болуы мүмкін
Baza басылымының деректеріне сәйкес, Старовойттың өзіне қол жұмсауы оған қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты болуы мүмкін.
Бейресми ақпаратқа сәйкес, бұрын Курск облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Алексей Смирнов тергеу барысында Старовойтқа қарсы куәлік берген.
Министр қызметінен күні кеше босатылған
Еске сала кетейік, Роман Старовойт 2024 жылдың мамыр айында Ресейдің көлік министрі болып тағайындалған болатын. Оған дейін ол Курск облысының губернаторы қызметін атқарған.
Ол 7 шілде күні таңертең ғана Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен министрлік қызметінен босатылған.
Қазасы расталды
Ресей Мемлекеттік думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов RTVI арнасына Старовойттың қайтыс болғанын растап, бұл оқиға "біраз бұрын болғанын" айтты.