«Орталық Азия – Ресей» саммитінде Владимир Путин Ресей мен Орталық Азия елдеріне бірлескен энергия жүйесін құруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресей Орталық Азияның тұтас болған энергия жүйесін қалпына келтіруге көмек көрсетуге дайын. Бұл аймақтағы бүкіл мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін арттырары анық. Ресей мен Орталық Азия елдері арасында энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық нығайып келе жатыр. Біздің ел Орталық Азия елдерінің экономикасына жетекші инвестор. Батыс компаниялары мен операторларының қажетсіз қатысуын болдырмайтын қаржылық есеп айырысу тетіктерін қайта құру және қайта реттеу тетігі іске қосылды, - деді Владимир Путин «Орталық Азия – Ресей» саммитінде.
Айтуынша, SWIFT-тің орнына қазірдің өзінде жақсы қалыптасқан ресейлік қаржылық хабарлама беру жүйесіне көшуге болады.
Мұнай тасымалдау жолдарын кеңейту, Каспий теңізінде энергия ресурстарының қорын бірлесіп игеру, қолжетімді және таза газ моторлы отынмен қамтамасыз етудің перспективасы зор. Сондай-ақ, құбырларды салу және кеңейту, көмір саудасы мен оны Азия нарығына тасымалдау көлемін ұлғайту да маңызды, - дейді Путин.
Сонымен қатар Ресей басшысының мәлімдеуінше, тікелей инвестиция көлемі шамамен - 5 млрд долларға жеткен.