Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы есірткі қылмысына қарсы күрес және «Дәрмек» жедел алдын алу шарасының нәтижелері туралы өткен брифингте ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов айтты.
Әмірхановтың айтуынша, «дәріханалық» нашақорлықтың таралуын ескере отырып, «Дәрмек» операциясы барысында полицейлер есірткіге ұқсас және тәуелді мас күйін алу үшін пайдаланылуы мүмкін дәрі-дәрмектерді рецептсіз беруді анықтауға бағытталған.Биыл 6-12 қыркүйек аралығында «Дәрмек» операциясының кезекті кезеңі өткізілді. 6 күн ішінде полиция 865 субъектіні, оның ішінде 599 дәріхананы, 24 қойманы, 205 емдеу - профилактикалық мекемені тексерді. Сондай-ақ 37 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерістен өтті. Нәтижесінде 1.2 тонна прекурсорлардың айналымы шектелді, - деді ол.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында 18 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 17 есірткі заттарымен жұмыс істеу ережелерін бұзу, 1 заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және рецептілерді заңсыз беру немесе қолдан жасау тіркелді. Алматы облысында медициналық мекемені тексеру кезінде есірткі және психотроптық препараттарды лицензиясыз бергені анықталды. Онда морфин – 417 ампула, промедол – 255 ампула, фентонил – 100 ампула, реланиум – 140 ампула сақтау фактісі анықталды. ҚК-нің 303-бабы 1-бөлігі бойынша есірткі заттарымен жұмыс істеу ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Бақытжан Әмірханов.