Қарағандыда 40 шақырым қашықтықта Долинка елді мекенінде орналасқан «№33 мекемесі» еліміздегі туберкулезбен ауыратын сотталушылар емделетін жалғыз мекеме. Бүгінде 170 сотталушы жазасын өтеп жатқан түрменің бастығы, әділет полковнигі Ерлан Апахановпен сұхбаттасқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
- Ерлан Маркешұлы, сіз басқарып отырған «№33 мекеме» туберкулезге шалдыққандар емделетін еліміздегі жалғыз мекеме екен. Бұл түрменің басқа түрмелерден айырмашылығы қандай?
- Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің «№33 мекемесі» Республикалық туберкулезге қарсы аурухана болып табылады. Еліміз бойынша қауіпсіздігі барынша жоғары және орташа мекемелерде жазасын өтеушілер туберкулез ауруына шалдыққан жағдайда, оларды бөлек ұстау үшін біздің мекемеге жіберіліп, осында емделеді. Біздің мекемеге туберкулезбен сырқаттанып келген сотталушы алдымен рентгенге түсіріледі, зертханада сараптамалар жасалынып, 15 күн карантинде болады. 15 күн ішінде сотталушының денсаулығымен қатар, ісі қаралып, онымен жедел бөлімнің мамандары, психологтар жұмыс істейді. Жалпы туберкулез ауруханасы стационар және амбулатория бөлімдеріне бөлінеді. Мекеме 760 орынға шақталған. Оның 410-ы стационар, қалғаны амбулаторлық. Бүгінгі таңда мекемеде 170 сотталушы болса, оның 112-і стационар, 58-і амбулатория бөлімінде ем қабылдап, жазасын өтеп жатыр. Стационарлық және амбулаторлық бөлімдегі сотталушылар, сондай-ақ, туберкулездің созылмалы түрімен сырқаттанғандар мен жаңа ғана жұқтырғандар бір-бірімен қарым-қатынасқа түспейді. Олар жеке блоктарда жазасын өтеп жатыр. Жалпы алғанда туберкулезден емделушілер 20 ай көлемінде бізде ем қабылдайды. Жазылған соң келген мекемелеріне қайта жібереміз.
- Сырқаттарды емдеу, медициналық көмек көрсету қалай жүзеге асырылады?
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап сотталғандарға медициналық көмек көрсету Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілді. Жазасын өтеушілердің медициналық тұрғыдан қамтуды аталған министрліктің қарауына беру тексерудің, диагностиканың және емделудің заманауи әдістеріне кеңірек қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Бүгінгі таңда мекемеде 12 дәрігер, 38 медбике жұмыс жасайды. Сонымен қатар медицина мамандарының жұмысын жеңілдетіп, олардың емханалардағы дәрігерлермен тікелей байланысқа шығуы үшін арнайы кабинет жабдықталып, ғаламторға қосылған 6 компьютер орнатылған. Онда сотталушылар скайп арқылы медицина мамандарынан кеңес ала алады. Сондай-ақ бізде ота жасайтын да блоктар бар. Онда сырқаттың денсаулық жағдайына қарай дәрігерлерді алдыртып, ота жасаймыз. Кей жағдайда науқасты ауруханаларға да апарып, емдетеміз.
- Сотталғандарға медициналық көмек көрсету басқа ведомоствоға өткеннен кейінгі өзгерістерге тоқталсаңыз.
- Сотталушыларға медициналық көмек көрсету мамандары тікелей Денсаулық министрлігіне қарағаннан кейде түйткілді мәселелер де орын алды. Мысалы, қазір біздің мекемеде тек туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер ғана бар. Кейде сотталушылар тұмаумен ауырып, не болмаса қан қысымы көтеріліп жатса, оларға беретін дәрі жоқ. Сотталушылардың қан қысымы, қанты көтерілген жағдайда жедел жәрдем шақырамыз. Алайда қыс айларында бізге жедел жәрдем келу қиын. Ал бұрын жазасын өтеушілерге медициналық қызмет көрсету Ішкі істер министрлігіне қараған уақытта барлық дәрі-дәрмек өзімізде болатын. Осы мәселелер уақытылы шешілсе деп үміттенеміз.
- Мекемеде сотталғандарды жұмыспен қамту шаралары жүргізіле ме?
- Жазасын өтеушілер стационар бөлімінде ем қабылдау кезінде емделу динамикасы жақсы болса амбулаторлық бөлімге ауыстырылады. Емделушілер амбулаториялық бөлімге ауысқаннан кейін медициналық көрсеткіштеріне қарай еңбекке араласуына болады. Сотталғандарды қоғамдық жұмыстарға, еңбекке тарту, олардың жаман қылықтарын жойып, жеке қасиеттерін қалыптастыруға көмегін тигізеді. Сондықтан сотталған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету қашанда маңызды мәселелердің бірі. «№33 мекемесі» Республикалық туберкулезге қарсы аурухана болғандықтан аумақта өндіріс жоқ. Дегенменде, сотталушылар лагерьлік қызметте жұмыс істей алады. Қазіргі таңда мекеме аумағында 70 сотталушы азамат ақылы жұмыстармен қамтылған. Оның ішінде 42 сотталған азамат аспазшы, асхана жұмысшысы, ыдыс жуушы, арнайы киімдерді жөңдеу және жуу бойынша жұмысшы, сурет салушы, етікші, тігінші және басқа қызметтер бойынша жұмысқа орналастырылған. 11 сотталушы отжағушы, аспазшы, слесарь қызметін атқарады. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық фтизиопульмонология орталығының» палаталық санитары қызметіне 17 сотталған орналастырылған. Бүгінгі таңда санитарлар 140 мың, лагерьлік қызметті жұмыс істейтіндер 110 мың теңге жалақы алады. Сотталушылар жалақысынан талаптарын өтеп, қалған жалақысын отбасына жібереді.
- Ерлан Маркешұлы, сотталғандармен жұмыс қаншалықты қиын? Жұмыс барысындағы қиындықтарға жеке құрам қаншалықты дайын?
- Мен бұл мекемеде 2019 жылдан бастап қызмет атқарамын. Бұған дейін №34, №35 мекемелерінде қызмет атқардым. Сотталғандармен жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сотталушылар арасында режимге бағынбай, балағат сөздер айтып, тіпті бақылаушылармен төбелесуге дейін баратын жағдайлар орын алады. Қандай жағдай болмасын психологиялық түрде мықты болу керек. Сотталғандармен жұмыс жасау үшін жеке құрам барынша дайындықтан өтеді. Жаңадан жұмысқа тұрған жастарға тәлімгер тағайындаймыз. Сотталғандарды емдеу, тәрбиелеу және оларды дұрыс жолға салу үшін жеке құрам барынша қызмет етеді. Қазіргі таңда мекемеде толықтай бейнебақылау жүйесі орнатылған. Мен ғана емес комитет басшылары кез келген уақытта мекемедегі ахуалды бақылай алады.
- Сотталғандарға білім беру, тәрбие жұмыстары қалай жүзеге асуда?
- Мекеме туберкулезге қарсы аурухана болғандықтан, бізде мектеп, кәсіби білім алу колледждер жоқ. Әрбір адамның білім алуға құқығы бар болғандықтан, жасақ бастығы әр сейсенбі және жұма күндері әлеуметтік-құқықтық оқу жүйесі бойынша сотталғандарға сабақ жүргізеді. Сондай-ақ сотталушылардың теледидардан жаңалықтар көруіне, кітапханада кітап оқуларына жағдай жасалған. Мекеменің кітапхана қорында 6880 кітап бар. Сотталғандар мерекелік шараларға белсенді қатысады. Жазасын өтеушілер күніне 5 мезгіл тамақтанады. Әрбір сотталушыға күніне 3793,3 теңге бөлінеді. Бұл дегеніңіз әрбір сотталуышы үшін мемлекет қаржысынан жылына 1 млн 384 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылады деген сөз. Сондай-ақ амбулаторлық бөлімдегі сотталушылар туған-туыстарымен кездесуіне мүмкіндіктері бар. Олар туғандарына видеоқоңырау арқылы да хабарласа алады.
- Сұқбатыңызға рақмет!