Психолог жат ағымның жетегінде кететін жасөспірімдердің қандай болатынын айтты

14 Қаңтар 2022, 19:27
3370
Бөлісу:
Психолог жат ағымның жетегінде кететін жасөспірімдердің қандай болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жастар жат ағым ықпалына неліктен тез түседі? Мұндай радикал ұғымдарды мектеп жасының балалары түсіне бермейді. Бұл тұрғыда ата-ана нені ескеруі қажет? 

Бұл мәселелер туралы психолог маман Арайлым Тоқсанбаева ата-аналарға кеңес берді.

Жасөспірімдердің жат ағымның жетегіне еруінің басты себебі ол туралы ақпаратты жетік білмеуінде. Және қазіргі таңда кішкентай балалар мен жасөспірімдер көп уақытын интернет желісінде өткізеді. Олар талғамсыз, тексерілмеген ақпарат көздеріне көптеп тап болады, – деді ол. 

Маманның айтуынша, бұл мәселенің алдын алуға болады. Баланың қызығушылығына қарай ақпараттарды еркін оқытып, оның ойымен жиі бөлісу қажет. 

Жат ағымға көбіне тыңдалмай өскен балалар кіріп кетіп жатады. Ондай балалар өз ата-анасына ой-пікірін жеткізе алмай өседі. Мәселен, бала бір нәрсе істеген соң үйдегілеріне ойын жеткізу үшін жауапкершілік алады. Алайда ата-анасы оның ойына тоқтам жасап, пікірін білдіртпей әркез өздерінің айтқанын жөн санайды. Соның кеселінен бала тыңдалмай өсіп, өз болмысындағы ойын, сезімдерін көрсетпей өседі, – деді психолог маман. 

Тоқсанбаеваның айтуынша, бәрі еліктеуден басталады. Мұның алдын алу үшін баланың көкейінде туындаған сұраққа жауап беріп отыру қажет. 

Жасөспірім балаңызға ол сұрақ сенің жасыңа сай емес деп кесіп айтпау қажет. Егер жат ағым туралы немесе басқа да тақырыптар бойынша сұрақтар қоя бастаса, онда баланы бұл мәселе мазалап тұр деген сөз. Сол себепті мұндай ақпаратты бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, бірге іздену қажет. Егер ол сұрақтың жауабын білмей жатсаңыз, онда балаңызды бірден мойындаңыз. Бірге ізденіп қарап, оған қолдау білдіргеніңіз абзал, – деді Арайлым Тоқсанбаева.

Өзгелердің жаңалығы