Сексуалдық және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты көмек көрсету орталығында жұмыс істейтін психолог Сымбат Қабылбай мектеп оқушыларына бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
-Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың таралу себебі неде деп ойлайсыз?
Қазақ қоғамында зорлық-зомбылыққа ұшыраған бала ата-анасына айтпайды. Іштей бүгіп жүре береді, іштей күйзелісі біршама уақыттан соң депрессияға дейін барады. Кейін жәбірленушіні сол жағдайдан шығару мамандарға да қиынға соғады. Біз айлап, жылдап жәбірленушімен түрлі бағытта жұмыс істейміз. Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың белең алуының себебі – ата-аналар балаларына жыныстық сауатылықты түсіндірмеуінде жатыр. Жасөспірім шақты бала ешкіммен сөйлекісі келмей, оңашаланатын кезі болады. Бұл кезде ата-ана байсалды түрде сөйлесіп, жыныстық тәрбиені жәймен түсіндіруге тиіс.
-Зорлық-зомбылыққа көбіне қыздар ұшырап жатады деп естиміз. Оларды күйзеліcтен шығару үшін не істейсіздер?
Қызға кейін «өзіңнен бар», «неге барасың» деген сұрақтар арқылы қоғам мен ата-анасы тарапынан қысым көрсетіледі. Біз бұл жағдайдың алдын алу үшін тергеушімен бірге жауап алуға қатысамыз. Одан кейін жәбірленушінің эмоционалдық, психологиялық жайы бірқалыпты болмайды, оны өмірге көзқарасын бір ізге түсіруге тырысамыз.
-Жастар әлеуметтік желі арқылы танысады. Бұл қаншалықты қауіпті, әлде қалыпты нәрсе? Оқушыларға қандай кеңес бересіз?
16-19 жастағы жасөспірімдер бәрі өтпелі кезеңде жүреді. Олардың ой-өрісі жақсы және жаман жаққа жиі құбылады. Көбімізге мәлім, жастар әлеуметтік желілер арқылы танысып, сөйлеседі. Қазіргі таңда, әрине бұл қалыпты құбылысқа айналған. Дегенмен кейін шынайы өмірде танысқанда бір-бірін толық танымай салдары қиын болып жататын жас отбасылар көп. Бұл жерде қыздың анасымен қарым-қатынасы жақсы әрі ашық болуы тиіс. Яғни анасын мектеп жасынан бастап «осы жігітпен таныстым» дегендей сәл де болсын хабардар етіп қою керек. Танысуға арналған сайттарға (сайт для знакомств) мүлдем жолауға болмайды, қай-қайсысына болсын кеңес бермеймін. Әсіресе, бүгінде telegram-да кең таралған арналар - өте қауіпті. Жалпы мектеп жасындағы қыздарға эмоцияға қатты беріліп, танысуға бейім болмай, сол кезеңін білім мен өзін-өзі дамытуға арнау қажет деп білемін.
-Ата-ана не ескеруі керек?
Мысал ретінде түсіндірсем, бүгінгі таңда 9:00 жұмысы мен мектебіне барады. Әке-шешесі кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыста болады. Жасөспірім көп жағдайда үйінде өзімен өзі смартфонын қарап қалады. Әке-шешесі үйіне келгенде «бүгін не істедің?», «қалай болды?», «бірнәрседен қиналып жүрсің бе» деген сұрақтарды қоймайды. Сондықтан бала өзі қалаған жағына қарай кетіп, үйдергілерден бөлек адамдардың айтқанымен жүруі мүмкін. Ата-ананың қанша көп жұмысы болса да күніне кем дегенде 30 минут болсын баласымен сөйлесуі керек.
-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!