Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Психолог: БАҚ-тағы әр жарияланым суицид қаупіне ықпал етуі мүмкін

Бүгiн, 16:31
143
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Суицид тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау – бұл жай ғана ақпарат тарату емес. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, мұндай материалдар қоғамдағы суицидтік мінез-құлыққа тікелей ықпал ете алады. Психолог Сымбат Әбдірахманова бұл тақырыпта ондаған жыл бойы жүргізілген ғылыми деректерге сүйену қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, суицид жайлы жарияланым – әрдайым белгілі бір ықпалға ие интервенция.

Осы себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидтің алдын алуға бағытталған LIVE LIFE стратегиясында БАҚ-пен жауапты жұмысты дәлелді профилактикалық шаралардың бірі ретінде айқындаған.

"Вертер әсері": қауіпті тудыратын жарияланымдар

Психологтың айтуынша, суицид тақырыбын зерттеудегі ең алғашқы әрі маңызды ғылыми ұғымдардың бірі – «Вертер әсері».

Бұл саладағы ғылыми деректер соңғы 50 жылдан астам уақыт бойы жинақталып келеді. Эмпирикалық түрде алғаш дәлелденген құбылыстардың бірі «Вертер әсері». 1970-жылдары америкалық социолог Дэвид Филлипс БАҚ-тағы суицид туралы жарияланымдардан кейінгі статистиканы талдап, әсіресе танымал тұлғалардың суициді кеңінен және эмоционалды түрде жарияланғаннан кейін, келесі күндер мен апталарда суицид көрсеткіштерінің айтарлықтай артатынын көрсетті. Кейінгі зерттеулер бұл қауіптің материалдарда әдіс, орын немесе егжей-тегжейлі сипаттама берілген жағдайда одан да күшейетінін растады, - деп түсіндірді психолог.

Психолог сондай-ақ кейінгі зерттеулер бұл қауіптің материалдарда суицидтің әдісі, орны немесе егжей-тегжейлі сипаттамасы берілген жағдайда одан әрі күшейетінін растады деп отыр. Жүзден астам ғылыми жұмысты қамтыған метаанализдер де БАҚ-тағы жарияланым сипаты мен суицид деңгейінің өзгеруі арасында тұрақты байланыс бар екенін көрсетті.

Кейбір зерттеулерде резонансты жарияланымдардан кейін суицидтің қайталану деңгейі 10–30 пайызға дейін артқаны анықталған. Ал жасөспірімдер мен жастар арасында бұл көрсеткіш тіпті жоғары, – дейді психолог.

Психологиялық механизмдер: неге қауіпті?

Ғылыми тұрғыдан алғанда, БАҚ-тағы суицид туралы материалдар бірнеше психологиялық механизм арқылы әсер етеді.

  • Біріншіден, идентификация жүреді: дағдарыста жүрген адам өзін жарияланған оқиғамен салыстырады.
  • Екіншіден, когнитивтік қолжетімділік артады: суицид тәсілі санада «нақты» әрі қолжетімді болып көрінеді.
  • Үшіншіден, ішкі психологиялық тосқауыл әлсірейді, әсіресе депрессиясы, мазасыздық бұзылыстары немесе суицидтік ойлары бар адамдарда оған қарсы келу оңайға түспейді.

Осыған байланысты жарияланымның жанашыр немесе айыптаушы реңкі де егжей-тегжейлі сипаттама берілген жағдайда қорғаныш бола алмайды.

«Папагено әсері»: БАҚ-тың қорғаныштық ықпалы

Сонымен бірге ғылыми зерттеулер БАҚ-тың тек қауіп төндіріп қана қоймай, қорғаныштық әсер де көрсете алатынын дәлелдеді. 2010 жылы австриялық зерттеуші Томас Нидеркротенталер бастаған ғалымдар «Папагено әсерін» сипаттады. Бұл ұғым суицидке бармай, дағдарысты еңсеріп, көмекке жүгінген адамдар туралы материалдардың суицидтік ойлардың азаюымен байланысты екенін көрсетеді.

Олар суицидке бармай, дағдарысты еңсеріп, көмекке жүгінген адамдар туралы материалдар суицидтік ойлардың азаюымен және суицидтік мінез-құлықтың төмендеуімен байланысты екенін анықтады. Мұндай жарияланымдарда суицидтің егжей-тегжейі берілмейді, керісінше, қиын жағдайдан шығу жолы мен көмектің бар екені көрсетіледі, - дейді Сымбат Әбдірахманова.

Психологтың пайымынша, мұндай жарияланымдарда суицидтің егжей-тегжейі берілмейді, керісінше, қиын жағдайдан шығу жолы мен көмектің бар екені көрсетіледі. Кейінгі эксперименттік зерттеулер мұндай материалдардың депрессивті симптомдары бар адамдар арасында психологиялық және медициналық көмекке жүгіну ниетін арттыратынын растаған.

Суицидті бір себеппен түсіндіру – қауіпті қателік

Ғылыми қауымдастық ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – суицид себептерін бір ғана фактормен түсіндірудің қателігі. Қазіргі суицидология ғылымы суицидтің бір ғана себебі болмайтынын нақты көрсетеді. Бұл – психикалық, әлеуметтік, биологиялық және стресстік факторлардың күрделі өзара әрекеттесуінің нәтижесі.

Сымбат Әбдірахманованың мәлімдеуінше, БАҚ суицидті «емтиханнан», «жанжалдан» немесе «қарым-қатынастың үзілуінен» деп біржақты түсіндірген кезде, бұл шынайы картинаны бұрмалап, ұқсас өмірлік жағдайдағы адамдар үшін қауіпті идентификацияны күшейтеді.

Журналист – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің бөлігі

ДДСҰ журналистерді жай бақылаушы емес, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды қатысушысы ретінде қарастырады. БАҚ-тың ықпалы ауқымды, жылдам және өлшенетін. Тіпті "дағдарыс – өткінші, көмек бар" деген қысқа хабарламаның өзі немесе қолдау қызметтерінің байланыс нөмірлерін көрсету көмекке жүгіну ықтималдығын арттыратыны ғылыми түрде дәлелденген.

Ғылыми және практикалық тұрғыдан алғанда, суицид туралы кез келген жарияланым – бұл интервенция. Автордың ниетіне қарамастан, ол не қауіпті арттырады, не оны төмендетеді. Сондықтан суицид тақырыбын жауапты түрде жариялау – сөз бостандығын шектеу емес, ондаған жылдық ғылыми зерттеулерге негізделген, өмірді сақтауға және қоғамның психикалық денсаулығын қорғауға бағытталған дәлелді профилактика.

Өзгелердің жаңалығы