Қалдықсыз өндіріс процесіне көштік - зауыт директоры

29 Мамыр 2020, 16:51
4682
Бөлісу:
Қалдықсыз өндіріс процесіне көштік - зауыт директоры
Фото: дереккөз

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфаттар шығарып қана қоймай, оның тасымалын да ұйымдастырып, өнімдерін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарады. 

Бір сөзбен айтқанда, серіктестік – ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын. Сондықтан да бұл мекеме еліміздегі химия саласын дамытуға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға, шикізат өңдеуші және жоғары технологиялық тауарлар өткеруші ретінде қалыптасуда.   

Өркендеудің жолына түскен кәсіпорын қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында "Қазфосфат" ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Абсамат Керембаевпен сұқбаттасқан едік.

- Абсамат Батырбекұлы, әңгімеміздің әлқисасын зауыт тарихымен танысудан бастасақ.

- Жамбыл облысының тұмса табиғаты түрлі пайдалы қазбаларға бай. Еліміздің оңтүстігінде – фосфор көзі болып табылатын фосфоритті жыныстың үлкен қабаттары қатталып жатыр. Қаратау жоталарының бойындағы құнарлы тастың бірегей кен орындары кеңес заманында химия өнеркәсібінің қарқынды дамуына себеп болды.

Жаңа Жамбыл фосфор зауыты – "Қазфосфат" ЖШС құрамына кіретін ең ірі филиалы, сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдер – термиялық ортофосфор қышқылын, натрий үшполифосфатын, натрий гексаметафосфатын, феррофосфор, түйіршіктелген қож шығаратын химиялық зауыт. Кәсіпорын Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта, кіші Қаратау жотасының үлкен Бурыл сілемінің терістік етегіне орналасқан. Зауыттың жалпы аумағы – 644,75 гектар. Зауыт өндірісі үздіксіз жұмыс істейді.

Жаңа Жамбыл фосфор зауытын 1971-1975 жылдары салып біту белгіленген болатын. Ал соғу алаңы 1970 жылы анықталған еді. Оның жобасын Ленинград ғылыми-зерттеу және жобалау институты жасаған. Сондай-ақ болашақ зауыттың жобалауына сол тұстағы "Проектстальконструкция", "Ленстройпромпроект", "Гипрогазоочистка", "ВНИИгаздобыча", "ВНИИЭТО", қазақстандық "ПромтрансНИИпроект", "Водоканалпроект" сияқты жобалау институттары да қатыстырылған. Ал 1978 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекеттік қабылдау комиссиясы зауыттың бірінші кезектегі кешенін іске қосу актісіне қол қойды.

- Жаңа Жамбыл фосфор зауытының өзге кәсіпорындардан қандай ерекшелігі бар?

- Кеңес одағы кезінде алып империяның экономикасын қажетті мөлшерде сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдермен қамтамасыз ететін кәсіпорын қажет болды. Фосфорға деген сұранысқа байланысты тағы бір өнеркәсіптік алпауыт салуға шешім қабылданды. Бұл Жаңа Жамбыл фосфор зауыты тарихының бастауы болды. Мыңдаған адам бүкілодақтық маңызы бар комсомол құрылысына қатысты. КСРО-ның барлық республикаларынан құрылысшылар мен монтажшылар келді. Олар өңірімізге алғаш рет қуаттылығы жоғары, негізгі жабдығы "РКЗ-80Ф" маркалы руднотермикалық пештен тұратын зауытты салуға қатысты.

Жаһандық тәжірибеде бірінші рет Жаңа Жамбыл фосфор зауытының РКЗ-80Ф термиялық пештеріне агломерат ұнтағынан сары фосфор алу технологиясы енгізілді. Бұрын үйіндіге төгілетін фосфорит ұнтағын 312 шаршы метр аумақ өнімін қамти алатын АКМ-312М іспетті агломерация машиналарында осы озық технологияның агломерациялау әдісімен кіріктіріп, фосфорит кесектеріне айналдыру арқылы қайта пайдалануға болатын болды.

- Кейбір кәсіпорындар тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қайта аяғынан нық тұрып жұмыс істеп кетті. Ал жабылған кәсіпорындардың орнына жаңалары пайда болып жатты. Ал сіз жетекшілік етіп отырған өнеркәсіптің тоқырау жылдардағы тыныс-тіршілігі қалай болды?

- Иә, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты да тоқырау заманында көптеген қиындықтарды басынан өткерді. Соған қарамастан аяғына қайтадан нық тұра білді. Біздің зауыт - бұрынғы КСРО, қазіргі бүкіл Еуропа аумағында сары фосфор өндіретін жалғыз кәсіпорын. Осы күнге дейін зауыт өңіріміздің мыңдаған тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде зауыт ардагерлерінің бастаған ісін олардың ұлдары мен немерелері жалғастыруда. Осы кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызуда "Қазфосфат" ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров пен зауыттың сол кездегі директоры Леонид Франгулиди зор еңбек сіңірді.

- Абсамат Батырбекұлы, бүгінде Жаңа Жамбыл фосфор зауытының әл-қуаты қандай?

- Кәсіпорын құрамына әрқайсысының қуаттылығы жылына 120 мың тонна өнім беретін, қуаты 80 МВт төрт РКЗ-80Ф іспетті руднотермиялық электр пештерінен тұратын бір блокты сары фосфор, екі технологиялық желісі бар термиялық фосфор қышқылы, төрт технологиялық желісі бар техникалық натрий үшполифосфаты өндірісі кіреді. Сондай-ақ цемент өндірісінде қолданылатын түйіршіктелген қожбен цемент зауыттарын толық  қамтамасыз ете аламыз.

Нарық заманында бәсекеге қабілетті бола алатын жаңа өнім түрлерін шығаратын өндірістер іске қосылды. Атап айтсақ, натрий гексаметафосфаты, техникалық түйіршіктелген натрий үшполифосфаты, тағамдық ортофосфор қышқылы, тағамдық натрий үшполифосфаты, фосфорлы-калийлі тыңайтқыш өндірісімен әлемнің біраз мемлекеттерінің сұранысын қанағаттандырып отырмыз.  

- Қайта жаңғырту жұмыстары мен алға қойған мақсаттарыңыз туралы не айтасыз?

- Зауыт үнемі даму үстінде, сонымен қатар маңызды жобалар іске асырылуда. Мысалы РКЗ-80Ф пештеріне өзгертулер енгізіліп, соның арқасында жөндеусіз жұмыс істеу уақыты ұзартылды. Әлемдік нарықтың сұранысы бойынша фосфорды күшәннан және органикалық қоспалардан арылту қондырғылары бой көтеріп, іске қосылды. Фосфор өндірісінде технологиялық процестердің сенімділігін арттыратын фосфор өндірісінің технологиясында пайдаланылатын азот өндіретін ауаны бөлу блогы сатып алынды. Табиғи газды үнемдеу мақсатында пеш газын кәдеге жарату жүйесі енгізілді.

Алдағы мақсатымыз – шығарылатын өнім түрлерін арттыру және өнімнің өзіндік құнын төмендету. Бүгінгі жоспарда натрий гипофосфиті және аммоний полифосфаты өнімдерін өндіріске енгізу тұр. Заманауи қондырғыларды сатып алу да күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында.

- Абсамат Батырбекұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы өндірісте қалай жүргізілуде?

- Ең бастысы РКЗ-80Ф пештерін, натрий үшполифосфаты өндірісін, пеш газын кәдеге жарату жүйесін автоматты түрде қашықтықтан басқару жүйесі енгізілді. Жанармай шығынын және жылжымалы техниканың жұмыс істеу барысын бақылау мақсатында "Көлік мониторингі" жобасы пайдалануға берілді. Күрделі бағдарлама болғанымен, жұмыс нәтижесі әлдеқайда тиімді. Өйткені, техниканың жүріс-тұрысының барлығы GPS құрылғысы көмегімен, арнайы бағдарлама арқылы компьютер мен смартфондарға орнатылған, осы салаға қатысы бар барлық адам онлайн түрінде бақылай алады.

Құжаттарды электронды жүргізу мақсатында ғаламтор көмегімен әр зауыт жұмысшысына жеке кабинет ашылды, әр жұмысшыға өз жұмыс табысын бақылауға мүмкіндік берілді. Зауыт аумағында бейнебақылау қондырғылары орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Зауыттың орталық диспетчерлік пункті толық цифрландырылды. Заманауи электрондық таразылар қолданысқа енгізілді. Фосфорды майда ыдыстарға автоматты түрде құятын дәлдік деңгейі жоғары станция іске қосылды.

Жаңа енгізіліп жатқан өндірістер бірден автоматты түрде қашықтықтан басқару жүйесімен жабдықталуда.

- Ал зауыт жұмысшыларына қандай жағдайлар жасалуда?

- Зауыт жұмысшыларының құқығы ұжымдық келісім-шартпен қорғалған. Осы келісім-шарт бойынша "Көктал" емдеу-сауықтыру кешенінде өз денсаулықтарын түзеуге мүмкіндігі бар және химияшылардың балалары жыл сайын жазғы демалысын "Жұлдыз" сауықтыру лагерінде өткізеді. Отбасылық кейбір жағдайларға байланысты зауыт тарапынан материалдық көмек алуға мумкіншілігі бар. Зауыт іске қосылған алғашқы күннен бастап біз өз қызметкерлеріміздің сауықтыру мен демалуына көп көңіл бөліп келеміз. Зауыттың өз денсаулық сақтау пункті бар. Бүгінде мұнда емшара, физиотерапия, массаж кабинеттері, тіс дәрігері жұмыс істейді. Арнайы тіс дәрігеріне қымбат бірегей жабдықтар сатып алынған.

Енді зауыт аумағынан жеке спорт кешенін саламыз. Оны біз өз күшімізбен тұрғызамыз.

Баспанасы жоқ жұмысшы жастарға бастапқы көмек ретінде, тек коммуналдық қызметті төлеп тұратын арнайы "Жастар үйі" ашылып қолданысқа берілді. Техникалық білім беру және кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында зауыт аумағында арнайы жабдықталған оқу орталығы жұмыс істеуде. Талпынысы бар жұмысшыларды компания есебінен жоғарғы және орта оқу орындарында оқыту мүмкіндіктері қарастырылған.  

- Абсамат Батырбекұлы, ел ішінде фосфор зиян деген түсінік қалыптасқан. Оған қоса, зауыт мұржаларынан шығатын түтін де елдің алаңдаушылығын тудыруда. Бұл мәселе көп жылдан бері айтылып, жазылып келеді. Ол шынында қаншалықты зиян?

- Әрине, химиялық қасиеттеріне келсек, фосфор – қауіпті және тез жанғыш зат. Ал қоршаған ортаға беретін зияны жайлы сұрап тұрсаңыз, зауытта жобаға сәйкес экологияны қорғау іс-шаралары жасалған. Айта кетсек, мұржаға шығатын түтін тазалаудан өтеді, одан кейін мұржаның биіктігіне байланысты түтін атмосфераның жоғарғы қабатында шоғырлануын жоғалтып, адамға және табиғатқа айтарлықтай зиян келтірмейді. Экологияны қорғау мақсатындағы жұмыстар үнемі жүргізіліп, дамытылып келеді.

Қазіргі таңда өндірістік қалдықтарды қайта қолдану іс-шаралары қолға алынған. Кеңес одағы тұсында жиналған қалдықтарды пайдаға жаратып, қоршаған ортаны тазалауға кірісіп кеткенбіз. Бүгінгі таңда біз қалдықсыз өндіріс процесіне көшкенбіз. Шикізатты кептіру қондырғыларындағы циклонды шаң ұстау қондырғыларының орнына жаңа заманауи сүзгілер орнатылған. Пештен шыққан газды ұстап, қайта кәдеге жарату жүйесі  енгізілген. Осы жобаның арқасында қоршаған ортаға зиянды заттар бөлу көлемі және табиғи газ шығыны азайды.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы