Прокурор Жанабыловтарға қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтты

Тергеу барысында блогерлерге қатысты бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 15:14
Бүгiн 2026, 15:14
249
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның әйелі Эльмира Төлегеноваға қатысты қозғалған іс бойынша ең ауыр жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру болуы мүмкін. Бұл туралы аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тергеу барысында блогерлерге қатысты бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр.

Атап айтқанда, тергеу оларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы – заңсыз кәсіпкерлік, сондай-ақ 218-бабы – қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру (ақшаны жылыстату) бойынша күдікті деп отыр.

Прокуратура өкілінің айтуынша, егер олардың кінәсі дәлелденсе, аталған баптар бойынша ең ауыр жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру болуы мүмкін.

Айта кетейік, бүгін Жанабыловтар ісі бойынша негізгі сот отырысы басталды.

Сонымен қатар Хайруллаевтың айтуынша, заңнамада баламалы жаза түрлері де қарастырылған. Мәселен, айыппұл, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Оның сөзінше, Қылмыстық кодекстің 218-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл көлемі 7 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетуі ықтимал.

Егер шамамен 560 мың теңге мөлшеріндегі есептен шығатын болсақ, 7 мың еселік айыппұл шамамен 1 миллиард теңгеге жуық соманы құрауы мүмкін, – деді Олжас Хайруллаев.

Сонымен қатар прокуратура өкілі нақты қандай жаза тағайындалатынын сот шешетінін атап өтті.

Теориялық тұрғыда айыппұл тағайындау мүмкін. Алайда түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Іс материалдары толық зерттелгеннен кейін, жарыссөз кезеңінде прокуратураның жаза тағайындауға қатысты ұстанымы белгілі болады, – деді ол.

Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық. Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды. Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.

Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх