Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді

Жүлде ұтыстары тиісті лицензиясыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз өткізілген.

 ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 16:02
Бүгiн 2026, 16:02
86
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотта прокурор олардың әрекеттерінен заңсыз лотерея өткізу белгілері анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысында аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау тарапының деректеріне сәйкес, жүлде ұтыстары тиісті лицензиясыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз өткізілгенін айтты.

Прокурордың сөзінше, Қазақстан заңнамасында лотерея өткізу тәртібі қатаң реттелген.

Қазақстан Республикасының “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңына сәйкес, лотереяны тек лотерея операторы немесе оның агенттері ғана ұйымдастыра алады. Сонымен қатар лотерея өткізу шарттары уәкілетті органмен келісілетін болуы тиіс. Ал лотерея операторы болып табылмайтын тұлғалардың мұндай қызметпен айналысуына тыйым салынған, – деді Хайруллаев.

Оның айтуынша, тергеу барысында айыпталушыларда мұндай қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензия болмағаны анықталған.

Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяларды реттеу комитетінің жауабына сәйкес, Жанабылов пен Төлегенова Қазақстан аумағында ойын бизнесі саласында қызмет жүргізуге немесе лотерея ұйымдастыруға лицензия алмаған, – деді прокурор.

Сонымен қатар айыптау тарапының мәліметінше, курс сатып алған азаматтармен жасалған келісімдерде ұтыс ойынына қатысу шарттары нақты көрсетілмеген.

Жария офертада ұтыс ойынын өткізу тәртібі, жеңімпаздарды анықтау тәсілі, қатысу критерийлері мен ашық ережелер көрсетілмеген. Осылайша сатып алушыларға нақты курс емес, құнды сыйлық ұтып алу мүмкіндігі ұсынылған. Бұл әрекеттер мәні бойынша рұқсатсыз жүргізілген лотерея қызметінің белгілерін көрсетеді, – деді прокуратура өкілі.

Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.

Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.

Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.

Наверх