Алматы облысының прокуратурасы Талғар аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған олардың адам өлтіру, зорлау және кісі ұрлау фактісі бойынша әрекетсіздігі себеп болған.
Бұл туралы прокуратураның ресми сайты мәлімдеді.
6 қыркүйекте облыс прокуратурасымен Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігі фактісі бойынша (ҚК 370-бабы 4-бөлігі) қылмыстық іс қозғалды. Олардың тарапынан зорлау жасады деген күдіктіні ұстау және қажетті шаралар қабылдау бойынша әрекет жасалмаған. Нәтижесінде күдікті Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылында ер адамды өлтіріп, кәмелетке толмаған қыз баланы ұрлаған, - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Аталған қылмыстық іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында тұр. Прокуратура жалған ақпарат таратқаны үшін заңмен жауапкершілік көзделгенін ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда қайғылы жағдай орын алғаны туралы жаздық. Күдікті ер адамды тапаншамен атып өлтіріп, екі жастағы қыз баланы ұрлап кеткен.
Сондай-ақ ұрланған бүлдіршіннің алған жарақатына байланысты ота жасалғаны белгілі болды.