Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кейбір елдерде вакциналаудың кешігуі коронавирустың жаңа нұсқаларының пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл туралы профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, вирустың штамдары мен нұсқаларын ажырата білу қажет. Олардың арасында кейбір техникалық айырмашылықтар бар.
Біз коронавирустың әр түрлі нұсқалары туралы айтып жатырмыз. 1 маусымнан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларды грек алфавит әріптерімен, яғни – «альфа», «бета», гамма, «дельта» деп атап келеді. Жалпы пандемия басталғалы бүкіл әлемде көптеген нұсқалар тіркелді. Шамамен ай сайын екі немесе үш нұсқа пайда болды. Сонымен қатар, тиімді вакциналардың пайда болуымен мутацияның жиілігі жылдамдады. Бұл табиғи эволюциялық процесс,-деді профессор.
Оның айтуынша, вирус тірі қалудың жолын іздеп, белсенді түрде мутациялана бастайды.
Іс жүзінде, вирустың тек 30 мың нуклеотид негізі бар және оның мутациялық нұсқаларының саны шектеулі. Вирустардың бірнеше нұсқалары бар, олар жұқпалы және вакциналарға төзімді болуы мүмкін, бірақ олар жұқпалылығын жоғалтады. Бұл альфа, бета және гамма нұсқаларымен болды. Біз қазір «дельтаның» өте жұқпалы нұсқасымен күресіп жатырмыз. Бұл коронавирустың соңғы агрессивті нұсқасы деп ойлаймын және болашақта пандемия бәсеңдеуі керек, - деді А. Шарман.
Профессор вирустың оңтүстікафрикалық нұсқасының вакцинаға төзімді екені анықталғанын жеткізді. Алайда ол тез жұқпайтын көрінеді. Ал «дельта» нұсқасы өзінен бұрынғыларды ығыстырып, қауіпті әрі жұқпалы болып шыққан.