Профессор: «Екінші республика» құқықтық термин емес

28 Сәуір 2022, 12:46
1457
Бөлісу:
Профессор: «Екінші республика» құқықтық термин емес
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасының қонағы KAZGUU университеті Жеке құқық департаментінің профессоры Сара Ыдырысова айтты. 

«Екінші республика» деген құқықтық термин емес қой, ғылыми, доктриналық термин. Мысалы, Францияда бірнеше өзгертулер болып, олар «төртінші республика», «бесінші республика» болып жатыр. Бұл біздің шығарған жаңалығымыз емес, кейбір мемлекеттердің тәжірибесінде болған. Оны «екінші республика», «үшінші республика» деп неге атайды? Өйткені басқару нысаны республика болып табылатын мемлекеттер бір ұстанымдарын, қағидаттарын жүзеге асыра отырып, мемлекеттің саяси, экономикалық ішкі жағдайына байланысты өзгерістер енгізіп, өздерінің ойынша жетілдірілген, өзгеше басқару жүйесіне өткенде оны шартты түрде, ғылыми тұрғыдан «екінші республика», «үшінші республика» деп атай береді, – деді KAZGUU университетінің профессоры. 

Ал біздің мемлекетте неге «екінші республика» термині қолданылғанын да Сара Ыдырысова түсіндіріп кетті. 

Бізде суперпрезиденттік республика, яғни президенттің өкілеттіктері өте жоғары және кең болған. Мысалы, жергілікті ауыл әкімдерін тағайындау, алып тастау президенттің құзыретінде болған. Ол, меніңше, шегінен артық болған. Қазір біздің республиканың президенттік деген таза түрін өзгертіп жатыр. Әрине, қазір бізде таза парламенттік республиканың болуы әлі мүмкін емес. Менің ойымша, қазіргі өзгерістер біздің республиканы президенттік-парламенттік республикаға бұрып жатыр. Сол себепті екінші республика деп айтуға әбден болады, – деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы