Профессор: Билік пен халық тұтастығы – береке мен ынтымақты бекіте түседі

13 Қаңтар 2022, 16:53
3079
Бөлісу:
Профессор: Билік пен халық тұтастығы – береке мен ынтымақты бекіте түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ЕҰУ профессоры Рақымжан Тұрысбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне қатысты пікірін білдірді.

Жаңа жылдың алғашқы онкүндігі елдік мұрат пен ерлік салтқа адалдықты айқындап, бұрынғыдан да нығайтып, бекіте түсті. Ақиқатында, осы күндері Қазақстандықтар күрделі кезең мен қасіреті мол сындарлы сәттерді бастан өткерді. Елде орын алған тәртіпсіздік пен террорлық  әрекеттер конституциялық құрылымға, билікті басып алуға бағытталғаны айқын аңғарылды. Осы тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдады. Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Лаңкестікке қарсы штабтың отырысын өткізді, - деп атап өтті профессор.

Рақымжан Тұрысбек атап өткендей, Президент Парламент Мәжілісінде «қасіретті қаңтар» сабағы мен тәжірибесін кең түрде сөз етті. Басым бағыттар қатарында: тәуелсіздік тарихы мен тәжірибесіне тоқталып, оны нығайту мен баянды ету ісіне кең түрде мән берді. Елде орын алған ауыр ахуал, күрделі кезең көріністері бір күннің ісі емес екеніне назар аударылды. 

Халықтың газ бағасына наразылығынан бастау алған бейбіт шеру тәртіпсіздік пен террорлық агрессияға ұласты. Мемлекетті басқару институттарына, билікті басып алуға  әрекет еткеніне жіті ден қойылды. Бітімгершілік контингентінің – стратегиялық нысандарды күзету, ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету миссиясын орындайтынын да жалпақ жұртқа жүйелі жеткізді. Бұдан байқалатыны, арғы тарихтағы елдік мұрат пен ерлік салтқа адалдық танытып, ел-жерді қорғауға, дәстүрден нәр алып, өмір тағылымына мән беру қажеттілігі негізгі назарға алынғаны жан-жақты танылды. Өткеннің өнегесі – болашақ бағдары, кемел келешектің көркем көрінісі екені жіті байқалды, - деп түсіндірді ол.

Елде орын алған террористік агрессияның  салдары мен себептеріне қатысты бірқатар өзекті мәселеге де көңіл бөлінгенін айта кетті. Бұл тұста, ел қауіпсіздігін нығайту, құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, лаңкестік әрекеттер артында кімдердің тұрғанын анықтау, ұлттық ұланды, барлау Һәм шекара қызметін, діни экстремизмге қарсы күресті, теңсіздік мәселесін оңды шешу мәселелері кеңінен қозғалды. 

Террорлық әрекеттің бастауы мен негізін, жасырын күштердің анық-қанығын да жұрттың білгісі келеді. Ел қауіпсіздігінің маңызы да осында жатыр. Бұдан басқа, халықты сапалы өмірмен қамтамасыз ету, әл-ауқатын жақсарту бағытына да маңыз берілді. Елдің әлеуметтік-экономикалық тұғырын бекіту, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру, бюрократияның етек алуына жол бермеу сынды бағыттарға басымдық берілді. Сондай-ақ, «Самұрық – Қазына» қоры қызметінің тиімділігін айқындау, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыссыздық пен жұмыспен қамту ісін дұрыс жолға қою, жалақы мен зейнетақы жүйесін реттеу, коронавирустың жаңа толқынына тойтарыс беру жайы да кең түрде сөз болды. Ел байлығы мен жер қазынасы – көптің игілігіне айналуы қажеттілігі орынды қозғалды. Жекелеген адамдар мен компаниялардың байлық көздерінің мәні мен сырына да ден қойылды, - деп айтты профессор.

Рақымжан Тұрысбектің айтуынша, ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елімізде шетелдік ЖОО-дың филиалдарын ашу, техникалық мамандықтарға басымдық беру қажеттілігіне көп көңіл бөлінді. Білім жүйесіндегі шешуші тұлға – ұстаздық қызметке мән беру ісіне де жіті ден қойылды. 

Бұдан басқа, «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құру, Қарулы күштер қатарына жастарды тарту, құқық қорғау саласын кешенді жаңғырту, азаматтардың қауіпсіздігі мен меншік құқықтарының қорғалуына кепілдік беру, ел бірлігі мен даму идеясының берік негізі – татулық пен тұрақтылықты сақтау ісі жаңару кезеңіне бастайтыны жан-жақты сөз етілді. Бұдан байқалатыны,  билік пен халық тұтастығы – бірлікке бастап, береке мен ынтымақты бекіте түседі.  Даму негізі мен өркениет өрісі екені де анық. «Қасіретті қаңтар» сабағы, өмір тағылымы осыны мықтап еске салды, - деп сөзін түйіндеді ЕҰУ профессоры Рақымжан  Тұрысбек.

Өзгелердің жаңалығы