Профессионалдар. Жоспарлы теміржол қарауылы

29 Тамыз 2022, 13:18
1875
Бөлісу:
Профессионалдар. Жоспарлы теміржол қарауылы

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету және айдауылдау қызметін атқаратын жеке батальондар арасында Алматы қаласында орналасқан 7552 әскери бөлімі де бар. Бұл туралы подполковник Бақыт Әліпбаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл әскери бөлім – Ұлттық ұландағы ең көне бөліністерінің бірі. Бүгінгі күні 7552 әскери бөлімінің атқарып отырған басты міндеті – сотталушыларды айдауылдау, Алматы гарнизоны және Алматы қаласы бойынша арнайы ауданаралық сот процестерін және әскери сот отырыстарын қамтамасыз ету.«Алматы-Орал-Алматы», «Алматы-Семей-Алматы», «Алматы-Өскемен-Алматы», «Алматы-Петропавл-Алматы» жоспарлы теміржол бағыттары бойынша және «Алматы-Заречный-Алматы», «Алматы-Жауғашты-Алматы», «Алматы-Ақтас-Алматы» секілді үш  жоспарлы автожол бағыттарымен айдауылдау қызметін жүзеге асырады, - деді Әліпбаев. 

Оның айтуынша, бұл арнайы контингент деп аталатын қамаудағыларды алыс қашықтықтарға жеткізу тәсілдерінің бірі. 

Иә, қызметтің оңайы жоқ. Соның ішінде жоспарлы теміржол қарауылының қызметі аса жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да бұл қызметке кездейсоқ адам келмейді. Қарауыл қызметінің қыр-сырын әбден үйреніп білген, сол қызметте піскен, моральдық-психологиялық тұрғыдан сүзгіден өткен тұлға ғана нағыз осы саланың маманы бола алады.Қарауылдың жауынгерлік қызметінің басқа қыз-меттерге қарағанда басты ерекшелігі – қарауыл жеке құрамы бірнеше тәуліктік қызметке түседі. Қарауылға түсерден бұрын алдын-ала бекітілген жеке құрам даярлықтан, психологиялық тексеруден өтеді. Содан кейін ғана қызметке жіберіледі, - деді подполковник.

Ол атағандай, нұсқау сабақтары өткізіліп, жауынгерлік қызметке бұйрық берілгеннен кейін қарауылдың жеке құрамы екі топқа бөлініп, арнайы автокөліктермен қызмет орындарына жөнелтіледі. 

Бірінші топ арнайы контингентті қабылдау үшін тергеу изоляторына, ал қарауыл бастығының бірінші көмекшісі, аспаз және қараулыл жеке құрамы арнайы вагонды қабылдау мен қарауылдың мүлкін тиеу үшін темір жол вокзалына жол тартады. Ары қарай сотталғандар мен тергеудегі азаматтарды вагонға отырғызу үшін «автозаг» деп аталатын арнайы көлік мүмкіндігінше тамбурға жақын келіп тұрады. Бұл жерде сотталушылардың қашып кетпеуін қадағалайтын қарауыл, қарғы бауынан босаса, атылғалы тұрған қызметтік иттер, барлығы жауынгерлік есепке сай қойылады. Тұтқындар әдетте өздерін қайда апаратынын және қай бағытта жүретінін білмейді, - деді ол. 

Әліпбаев атағандай, арнайы вагондағы басты тұлға ол – қарауыл бастығы. 

Қарауыл бастығы жол жүру бағытында болған жайттың бәрі үшін жауап береді. Оған барлық жеке құрам бағынады. 

«Қарауыл бастығы үшін басты қасиет – ұстамдылық пен сабыр» деп санайтын сержант Рүстем Жамұқановтың кейінгі буын жастарға да үйретері мол.

 Айдауылдау қызметіне жаңадан келген әскерилерге бұл қызметтің қыр-сырын, өзін қалай ұстау керектігін, не нәрсеге баса назар аудару, нені қалт жібермеу керектігін айтып түсіндіруден жалықпайды және оны тәжірибелі маман ретінде өзінің парызы санайды. 

Міндет өте күрделі де қиын. Мен өз міндеттерімді асқан сүйіспеншілікпен орындаймын. Өз қызметім ұнайтын болған соң, қиындыққа қарамаймын. Қарауыл бастығы деген атым болғаннан кейін, қарауыл қызметінің барлық бағыттарын тең алып жүруге тырысамын. Адам тани білу, қарамағыңдағы әскери қызметшілерге тең қарау сынды қасиеттер бойыңнан табыла білуі шарт, - дейді сержант Рүстем Жамұқанов. 

Арнайы вагон кәдімгі вагонға ұқсамайды, ол екі бөлікке бөлінеді. Олардың бірінде жолсеріктерге яғни азаматтық тұлғаларға, келесісі қарауылдың жеке құрамына арналған купе. Сондай-ақ вагонда жеке құрамға ас дайындау үшін аспазшыға арналған орын да болады. 

Арнайы вагонның екінші жартысы қарапайым болды, өйткені онда сотталған азаматтар отырғызылады. Кәдімгі вагондағы секілді ұзын дәліз, тек купенің орнында бес үлкен және үш кіші камера болады. 

Ондағы үлкен камера 12 адамға, ал кіші камера 5 адамға арналған. Тағы бір айта кететіні, арнайы контингент айдауылдау кезінде камераларға қатаң түрде санаттары бойынша орналастырылады. Әйелдер немесе кәмелеттік жасқа толмағандар жеке отырғызылады. 

Сотталғандардың арасында пиғылы әрқилы адамдар болады. Арандату мақсатында түрлі мінез көрсететіндері де кездесіп жатады. Қарауылдың міндеті соның бәріне талапқа сай әрекет етіп, аса ұстамдылықпен өзінің қызметін атқаруы керек. Сондықтан да жоспарлы теміржол қарауылының басты қаруы – сабыр мен ұстамдылық!   Жеке құрамның қызмет барысында көрсеткен қырағылығы мен батыл іс-қимылдары барша ұландықтар үшін үлгі болар мысалға айналды. Соның бірі «Алматы – Семей – Алматы» бағыты бойынша жоспарлы қарауылда болған қақтығыста өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, аса қауіпті қылмыскердің қашуына жол бермеген Жандос Баянбаев пен Нұрасыл Мүбараковтардың ерлігін білмейтін жан кемде-кем,- деп түйіндеді ол. 

Өзгелердің жаңалығы