Профессионалдар. Тергеуші Айнұр

7 Наурыз 2022, 10:25
3609
Бөлісу:
Профессионалдар. Тергеуші Айнұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Халқымызда «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Яғни әйел - отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге еліміздің әр саласының дамуына араласып, үлес қоса алатын қоғамның мүшесі. Өздеріңіз көріп жүргендей, елімізде қай салада болмасын үлкен белестерді бағындарып, жетістікке жетіп жүрген аруларымыз жетерлік.

Бүгін ер азаматтармен бірге иық тірестіріп, ішкі істер органдары саласында қызметін атқарып жүрген Қызылорда қаласының Полиция басқармасы анықтау бөлімінің аға анықтаушысы полиция подполковнигі Айнұр Сейтқасымовамен әңгіме өрбіттік.

- Айнұр Данабекқызы, полициядағы ең ауыр, ең жауапты қызметтердің бірі – тергеу саласында қызмет атқарады екенсіз. Ер адамдарға тән мамандықты қалай таңдадыңыз?

- Мен бала кезімнен әкем Данабек Сейтқасымовтың үйде форма киіп жүргеніне қызыға қарап, мен де әкемдей форма киіп, полиция қызметкері боламын деп армандайтынмын. Онымен қоса кішкентай кезімнен шытырман оқиғаға толы кітаптарды оқығанды ұнататынмын, теледидардан көрсететін «Секретные материалы» деген сериалдағы әйел тергеушіні көріп, қатты қызығатынмын. Содан 2004 жылы қаладағы №3 мектеп-гимназиясын қызыл дипломға тәмамдап, сол жылы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына «тергеуші» мамандығына оқуға түстім. Оқуымды сәтті аяқтап, қызметке кірістім.

Профессионалдар. Тергеуші Айнұр

- Сонда ішкі істер органдарында қызметте жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Қазіргі кезде ішкі істер саласында жұмыс істеп жатқаныма 14 жыл болды.

- Қызметтегі қиындықтарға тоқтала кетсеңіз?

- Қызмет барысында қиындықтар кездесіп тұрады. Тергеуші болып қызмет атқарғандықтан, ең бірінші біз психологпыз, осы уақыт кезінде қылмыстық істерді тергеу барысында түрлі адамдардың басынан өткен жағдайларын, олар тап болған қиындықтарды көресің.
Әрбір істе әртүрлі жағдай болады, бірақ бұл қызмет – өзімнің сүйіп таңдаған мамандығым болған соң, қиындықтарға еш мойыған емеспін. Қайта әр түрлі санаттағы қылмыстық істерді тергеу кезінде өзіңе мол тәжірибе жинайсың, оны қызмет бабында пайдаланасың.

- Айнұр ханым, төрт баланың анасысыз, екі ұл, екі қызыңыз бар. Бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлесіз? Осындай ауыр әрі аса күрделі жұмысыңыз бен отбасылық міндеттеріңізді қалай қатар алып жүресіз?

- Иә, дұрыс айтасыз, ауыр әрі аса күрделі қызметте жүріп төрт баламды тәрбиелеуге маған отбасым көп қолдау көрсетеді. Енемнің, атамның, жолдасымның қолдауын әрдайым сезінетіндіктен, ешқандай қиыншыдыққа тап болған емеспін. Әйел ана болған соң, жұмыс пен отбасылық міндеттерді бірге алып жүру міндетім деп білемін.

Профессионалдар. Тергеуші Айнұр

- Өзіңіз сияқты полицей болғысы келетін қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Өзім сияқты полицей болғысы келетін қыз-келіншектерге беретін кеңесім, егер осы саланы өз қалауыңызбен таңдасаңыз, ең алдымен қызметте кездесетін қиындықтарға шыдамдылық, сабырлық таныту қажет.

​- Айнұр, сұхбатыңызға рахмет, жауапкершілігі мен қиындығы мол қызметіңізге табыс тілеймін! 8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесі құтты болсын!

Өзгелердің жаңалығы