Профессионалдар. Қаржыгер

24 Қараша 2020, 18:56
3251
Бөлісу:
Профессионалдар. Қаржыгер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы саласында қызмет ету қырағылық пен ұқыптылықты қажет ететіні мәлім. Себебі қомақты қаражатпен жұмыс істеу оңай шаруа емес болса керек. Қазір білікті білімді жастар қатары артып отырғанын да жоққа шығаруға болмайды. Бүгінде екінші дәрежелі банкте жұмыс істеп жүрген жас маманның пікірін білдік. Бүгінгі профессионал – қаржыгер Аяулым Жақсылықова.

Аяулым Жақсылықова Бурабайдың баурайында орналасқан шағын елді мекенде 1994 жылдың қарашасында дүниеге келген.

Отбасымның тұңғышымын. Менен кейін екі інім бар. Анам бастауыш сыныбының мұғалімі, ал әкем кәсіпкер. Ата-анам мені қарапайым, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал болып тәрбиеледі деп білемін. Себебі ұстаздың баласы болу - үлкен жауапкершілік. Кішкентай кезімнен соны қаперімде ұстап, оқу озаты болдым. Осы қасиеттер мені үлкен өмірге дайындады деп ойлаймын, - дейді Аяулым.

Аяулым Сайранқызының айтуынша, орта мектепті тәмамдаған соң, ол Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қаржы мамандығы бойынша бакалавр мен магистратураны тәмамдаған.

Қазір банк қызметкерімін. Осы салада еңбек етіп жүргеніме үш жыл болды. Қаржыгер болу үшін қаражатты тиімді басқара білу керек. Себебі қаржыгер күн сайын үлкен көлемді қаражатпен жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекет бюджет және банкке сеніп тапсырған заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың қаражатымен жұмыс істеуге тура келеді. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің қаражатымен жұмыс істейміз. Сол үшін тиімді басқару мен математиматикалық ойлау қабілету болу керек, - дейді ол.

Маман айтқандай, экономика саласында тәжірибенің болуы да аса маңызды.

Профессионалдар. Қаржыгер

Қаржы кестелерін біліп отыру керек. Банкте қызмет ету үшін қаржылық білім қажет. Компьютерді жақсы меңгеру де талап етіледі. Себебі әртүрлі арнайы бағдарлама мен платформа бойынша жұмыс істейміз. Сол үшін де маманның жіті әрі тез ұғып алатын қасиеті болуы тиіс. Банкте тікелей адамдармен жұмыс істегендіктен, олармен тіл табысып, қарым-қатынас орната білу де аса маңызды. Психологиялық әдістерді де білу шарт. Күніне көп адамға қызмет көрсеткендіктен, әртүрлі адаммен кездесуге тура келеді. Оның ішінде агрессивті және түсінігі басқа тұлғалар да болуы әбден ықтимал, - деді Жақсылықова.

Аяулым Жақсылықова атап өткендей, стресске төзімді болу керек.

Маман өз саласында нәтиже көрсетуге бейім болуы керек. Себебі көп банк жоспарға сәйкес жұмыс істейді. Сатылым бойынша тәжірибесі болса, артық етпейді. Ірі банк жүйесінде жұмыс істеу жеңіл емес. Себебі өзгенің қомақты ақшасына жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Сондықтан оның салмағын да сезінеміз. Әртүрлі адаммен жұмыс істегендіктен, әрбір адамға жеке әдіс табу да керек. Себебі тұтынушынікі әркез дұрыс деген ұстаным да бар, - дейді ол.

Аяулым Жақсылықова атап өткендей, қаржы саласында жұмыс істеу қиын әрі оңай.

Жұмысымда қанша күрделі сәттер болса да, мен оны жеңіл қабылдаймын. Себебі мен жұмысымды жақсы көремін. Бұл салада еңбек ету үшін көп оқып, көп шыңдалдым. Әлі де шыңдала беремін. Осылайша, өз ісімнің хас шебері болып, көп еңбек өтілі бар маман атану үшін қалтықсыз еңбек етіп жатырмын, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы