Профессионалдар. IT мамандары басқа саладағылардан көп табыс табады

10 Қараша 2023, 15:44
2958
Бөлісу:
Профессионалдар. IT мамандары басқа саладағылардан көп табыс табады
Фото: - Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін, яғни 10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар күні. Осы ретте елімізде IT саласы қалай дамып жатыр? IT маманы болу үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға «МТҚБ Инженерлік орталығы» РМК бас IT сәулетшісі Роллан Тайғұлов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«МТҚБ Инженерлік орталығы» РМК бас IT сәулетшісі Роллан Тайғұлов. Ол IT саласында осымен 20 жылдай уақыт еңбек етіп келеді. Бүгінгі күні негізгі міндеті Парламенттің жұмысына тиімді техникалық шешімдерді енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

- Роллан мырза, алдымен IT салаға қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз. Қазір бұл салада еңбек етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

IT саласында жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан аса уақыт болды. Қызметімді алдымен жүйелік инженер болып бастадым, кейін өтінімдер бойынша жұмыс істедім, содан кейін әртүрлі жобаларда талдаушы және жоба менеджері болып қызмет ете бастадым. Тәуелсіз кеңесші, техникалық сарапшы, IT өнімдерінің тұтынушысы және олардың жеткізушісі ретінде тәжірибем мол.

Осы мамандыққа мектепте оқып жүргенімде қызыға бастадым. 90-жылдардың аяғында, дербес компьютерлер енді ғана белсенді түрде қолданыла бастаған кезде, өзім үшін шағын бағдарламалар жасай бастадым. Оған қоса адамдарға компьютерлерді таңдауға және бағдарламалар орнатуға көмектестім, Тіпті бизнесте де өз күшімді сынап көріп, компьютер ойыны клубын аштым.

Интернет пен ұялы телефон жоқ кездер мен бағдарламаларды дискеттердің көмегімен компьютерге орнататын кез есімде... Сол жылдары әкем жеке нотариус болып жұмыс істей бастаған еді. Мен әкеме өз көмегімді бергім келді. Сөйтіп кешкісін нотариустарға не қажет болуы мүмкін екенін талқылайтынбыз. Осылайша құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен орыс тіліне автоматты түрде аудару мүмкіндігі бар нотариаттық кеңсе жұмысын автоматтандыруға арналған алғашқы бағдарламамызды әзірледік.

Бұл жақсы тәжірибе болды. Үйде авторлық куәлігіміз де жатыр. Бірақ идея мен шешімдер сол уақыттың озық технологиясы болды деп айта аламын. Өйткені ол кезде мемлекеттік деректер қоры болмады, тіпті IT-жобаларға ешкім сенбеді де, оларды ешкім аса түсіне де қоймады. Өнімімізді әкем де, оның кейбір «озық» әріптестері де пайдаланды. Мүмкін оны әлі күнге дейін пайдаланып жүргендер де бар шығар.

Сол кезден қалған ыстық естеліктер естен кетпейді. Мысалы, өмірімдегі республикалық деңгейдегі алғашқы семинарлар мен кездесулер, өз жобаларымды дамыту және кері байланыс алу сияқты алғашқы әрекеттер.

Қазір электронды пошта, ұялы телефон, мессенджерлер бар, сіз жай ғана интернетте өз сайтыңызды орналастырып, жарнаманы қоса аласыз. Қазіргі уақытта финтех, нейронды желілер, жасанды интеллект және одан да ауқымдысы цифрландыру трендте. Ал сол кездерде барлығы дерлік жаңа болды.

- IT маманы, бағдарламашы деген кім? Ол нені білуі керек?

Кез келген мамандық оқуды және қажетті кәсіби дағдыларды дамытуды талап етеді. Ал IT саласында білімді үнемі жаңғыртып, жылдам үйреніп алып отыру керек. Себебі сала қарқынды дамып, өсіп келеді, жаңа технологиялар күн сайын пайда болып жатыр.

IT қазіргі күні арнайы мамандандырылған салаға бөлініп келеді. Сондықтан салаға енді келген және жаңадан бастаған адам бірден өзін қызықтыратын дұрыс бағытты таңдағаны маңызды. Мысалы, тіпті бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу әртүрлі технологиялық бөліктерге бөлінеді. Кейбіреулер веб-қосымшаларды жасауды таңдайды, ал басқалар ойындарды немесе мобильді қосымшаларды әзірлеуге көбірек қызығады.

Әр бағыттың өзінің қажетті негізгі білімі мен дағдысы бар, сонымен қатар ағылшын тілін жақсы білген де дұрыс. Ағылшын тілін білмейінше, оқуды аяқтау да, жұмысты орындау да қиын болады. Барлық техникалық құжаттама ағылшын тілінде жазылғандықтан, көптеген курс, семинар мен конференция ағылшын тілінде де өткізіледі.

Қазір елімізде IT-білім мен дағдыларды алуға қыруар қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетіліп, арнайы курстардан өтуге мүмкіндіктер беріліп жатыр. Білімге деген сараңдық, табандылық, еңбекқорлық қашанда өз жемісін береді. Білім әрқашан өз болашағыңызға құйылған инвестиция.

- Бағдарламалауды үйренуді неден бастау керек? Жақсы бағдарламашы болу үшін қанша оқу керек және өз бетімен үйреніп, бағдарламашы болуға бола ма?

Әрине, үйреніп көруге болады. Мұның бәрі тез үйренуге деген ұмтылыс пен қабілетке байланысты. Мамандыққа қабілетіңіз бар-жоғын анықтау үшін алдымен ақысыз немесе ақылы бағдарламалау курсын өтуге болады. Қолжетімді онлайн курстар мен бейне сабақтар бар. Барлығы техникалық құжаттаманы зерттеуден басталады, оны зерттеу ерекше назар аудару қажет.

Университетте оқуды да назардан қалдырмау керек. Оқуды қандай да бір бағдарламалау курсымен қатар алып жүруге болады. Мысалы, EPAM бірнеше жылдан бері осындай оқуды тегін үйретіп келеді, TechOrda-мен бірлескен курстар да бар.

Десе де өзі үйренген табысты бағдарламашы болу мүмкін емес деп есептеймін. Бұл тым ұзақ уақытты алады. Көп уақыт қателіктерге жұмсалады. Курстар бағыт пен негіз береді, соның арқасында оқыту траекториясы оңтайлы болады. Осыдан кейін сіз өзіңіз дами аласыз.

- Бағдарламашы мамандығын оқығысы келетін оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

Оқу керек. Қолда бар қолайлы жағдай мен өз мүмкіндігіңізді жіберіп алмаған жөн. ІТ олимпиадаларға, конференцияларға және хакатондарға, мемлекеттік гранттарға қатысу керек, Қоғам үшін ең болмағанда бір маңызды мәселені шешетін IT өнімдерін жасап, IT стартаптарына қатысудан қорықпау қажет.

- Елімізде осы саланың мамандары қанша жалақы алады?

Жалақы әркімде әртүрлі. Айтарлықтай айырмашылық бар. Мұның бәрі маманның деңгейіне және оның мамандығына байланысты. Бастапқы деңгейдегі IT мамандары кез келген басқа саладағы жас мамандарға қарағанда көбірек алады деп айта аламын. Осы себептен қоғамда IT мамандары орташадан әлдеқайда көп жалақы алады деген пікір қалыптасқан.

Профессионалдар. IT мамандары басқа саладағылардан көп табыс табады

- Бағдарламашы ол күні бойы отырып жұмыс істейді. Денсаулыққа жағымсыз әсерлерді азайту үшін не істейсіз? Бағдарламашылар бос уақытында немен айналысады?

Қазір кез келген мамандықта қолайлы жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік көп деп есептеймін. Мысалы, биіктігі реттелетін үстелдердің тұрып жұмыс істеу мүмкіндіктері бар, көптеген адам ноутбуктарды пайдаланады, бірақ мен көп жағдайда маркер тақта алдында тұрамын.

Менің бос уақытым көп емес. Бос уақытымды қосымша оқудан өту, жаңа нәрсені үйрену және жобаларға қатысу үшін қолданамын. Жақында Дубайда GITEX конференциясы өтті. Еңбек демалысымда уақытым мен ақшаны аямай, конференцияда ұсынылған қазіргі трендтер мен IT өнімдермен танысуға бардым.

- Қазақстанда IT саласы қалай дамып жатқаны жайлы не айта аласыз?

Менің ойымша, даму жаман емес. Бірақ мемлекеттік жобалардың үлесі әлі де жоғары. Әлсіз бәсекелестік пен жас мамандардың кетуі Қазақстанның IT-индустриясының толыққанды дамуына да кедергі жасайды.

Бір кездері SaaS (Software As A Service) ұғымы болмаған кезде мен әлеуетті тұтынушылар мен әріптестеріме пайдаланушы өнімді сынап көруі үшін қызметтерді алдымен тегін, содан кейін өте төмен бағамен көрсету керек деген ойды жеткізуге тырыстым. Егер оған өнім керек болса және пайда әкелсе, ол сол өнім үшін ыңғайлы бағасын төлей бастайды. Мұндай шешімдердің үлесі IT саласының жетілгенінің көрсеткіші дер едім.

- Сіздің ойыңызша, салада қандай проблемалар бар?

Мен проблемалардан гөрі мүмкіндіктер туралы көбірек айтуға тырысамын. Кез келген әрекет туындайтын мәселелерді шешумен байланысты. Бәрі шешіліп жатқанына сенімдімін.

- Қазір қандай жобалар мен қосымшалармен жұмыс істеп жатырсыз?

«МТҚБ Инженерлік орталығы» Парламенттің ақпараттық жүйелеріне қызмет көрсететінін және оларды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін іздестіретінін жоғарыда айттым. Парламенттің жаңа сайланған сессиясының жұмысын аша отырып, Мемлекет басшысы мемлекеттік процестерді цифрландырудың маңыздылығын, оның ішінде «электронды Парламентті» құру қажеттілігін атап өтті. Бұл күрделі және жауапты процесс. Қазір біз тапсырманы оңтайлы жүзеге асыру үшін халықаралық тәжірибені, депутаттар мен аппараттың қажеттіліктерін белсенді түрде зерттеп жатырмыз.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы