Қазақстан мен Сингапур экономикалық байланыстарға негізделген мемлекеттер

10 Қараша 2023, 15:30
658
Бөлісу:
Қазақстан мен Сингапур экономикалық байланыстарға негізделген мемлекеттер
Фото: «Астана» халықаралық қаржы орталығы

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Сингапурдағы елшілігінің қолдауымен аталған елде «AIFC Connect: Singapore 2023» іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бизнес кездесуде халықаралық инвесторлар мен белді қаржы сарапшылары жиналып, олар Қазақстан мен Орталық Азиядағы бизнесті дамыту перспективаларын, соның ішінде капитал нарығы мен активтерді басқару салаларын талқылады.
 

Жиынды Қазақстан Республикасының Сингапур, Австралия одағы мен Жаңа Зеландиядағы елшісі Асқар Құттықадам ашты. 

Қазақстан мен Сингапур - тұрақты саяси диалог пен экономикалық байланыстарға негізделген берік әрі ұзақ мерзімді әріптестік құрған дос мемлекеттер. Біз Сингапурды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы басты саяси-экономикалық серіктес ретінде көреміз. Өз кезегінде Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия елдері арасындағы жетекші серіктесі ретіндегі рөлін нығайтуға ниетті. Сингапурдың 8-ші Президенті аса мәртебелі Халима Якоб ханымның биыл мамыр айындағы Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары серіктестігіміздің жаңа кезеңін ашты. Бұл оқиғаның басты нәтижесі әртүрлі салалардағы екіжақты қатынастарды дамыту бойынша өзара міндеттемелерді нығайту болды, - деді ол.

Қазақстан мен Сингапур экономикалық байланыстарға негізделген мемлекеттер

Панельдік сессияға қатысушылар көптеген мәселелер бойынша өз білімдері мен ұсыныстарын алға тартты. Мәртебелі баяндамашылар арасында Тек Кхан Онг (Templeton Asset Management компаниясының бас директоры), Алексис Нг (Ashmore Сингапур өкілдігінің басшысы және Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша директоры), Джеймс Тан (Quest Ventures басқарушы серіктесі) секілді тұлғалар сөз сөйледі. Панельдік сессияны Das Family Office-тің серіктес әрі стратегі Райнер Майкл Прайс жүргізді.

Қазақстан және Сингапур Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында екі ірі сауда әрі инвестициялық әріптес болғандықтан, біздің елдеріміз арасындағы қатынастардың негізгі құрамдас бөлігі экономикалық ынтымақтастық екендігі сөзсіз. Сингапурдың Қазақстанға салған инвестицияларының жалпы көлемі 1,35 млрд доллардан асып кетті. Қазақстанда қаржы және сақтандыру қызметін, өңдеу, тау-кен өнеркәсібі сияқты ауқымды салаларды қамтитын 90 бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, елімізде көтерме және бөлшек саудада, кәсіптік, ғылыми-техникалық салаларда 143 сингапурлық компания жұмыс істейді. Орта дәліз деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты екі серіктес мемлекет үшін де жоғары көлік әлеуетін көрсетуде. АХҚО осы және басқа да трансұлттық жобаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды ұсынуды жалғастырып келеді, - деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

Іс-шара аясында екі панельдік сессия өтті. Бірінші сессия өзінің қарқынды өсуінің арқасында өзіне назар аудартқан технологиялық тұрғыдан дамыған AIX қор биржасының пайда болуы жағдайында Қазақстанның капитал нарығындағы тартымды инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеуге арналды.

Қазақстан мен Сингапур экономикалық байланыстарға негізделген мемлекеттер

Екінші панельдік сессия АХҚО-ның өңірдегі активтерді басқару индустриясын дамытудағы әлеуетін, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің нарығына шығуға ұмтылатын осы саланың жаһандық компаниялары алдында тұрған перспективалар мен проблемаларды зерделеуге бағытталды.

АХҚО юрисдикциясы компанияларға айтарлықтай артықшылықтар береді, соның ішінде ағылшын жалпы құқық қағидаттарына негізделген құқықтық база, тәуелсіз қаржылық реттеу, дауларды шешудің бейтарап тетіктері, икемді корпоративтік басқару және қолайлы салық режимі. АХҚО кең спектрлік қызмет ұсына отырып, тек қаржылық компанияларды ғана емес, сондай-ақ қаржылық емес компанияларды, кәсіби қызмет көрсетушілерді де тіркеуде. Бүгінде АХҚО юрисдикциясында криптомайнинг және деректерді өңдеу, IT, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, сауда, қаржылық қызметтер және т.б. салаларда қызмет көрсететін 29 сингапурлық қатысушы компания өз бизнесін белсенді түрде дамытуда, - деді АХҚО Әкімшілігі басқарма төрағасының м.а. Темірлан Мұханбетжанов.

Аталған бизнес отырыс өзара тәжірибе мен білім алмасуға, тараптар арасындағы түсіністік пен байланысты ілгерілетуге ықпал ете отырып, инвестицияларды тартуға жәрдемдесуге, капиталдың серпінді әрі өтімді нарығын құруға және инновацияларды ынталандыруға жұмыс істеп жатқан қаржы орталығы – АХҚО шеңберінде іскерлік байланыстар орнатудың маңыздылығын көрсетті. Қаржы нарығының алдыңғы шебінде бола отырып, АХҚО Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан инвесторларға ұсынатын мүмкіндіктерді ары қарай ілгерілетуді жалғастыра береді.

Сингапурдың ірі компанияларын АХҚО-да тіркеу біздің қаржы нарығымызды дамытуға әрі елімізге инвестициялардың келуіне оң әсер етеді.

Осының барлығы елге көбірек тиімді инвесторларды тарту үшін жасалады.

Өзгелердің жаңалығы