Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – фотограф, суретші Жеңіс Ысқабай. Ол әдемі фото түсіріп қана қоймай, сурет салып, ағаштан түрлі бұйымдар жасап жүрген хас шебердің өзі. Жақында ол Алматы қаласында Желтоқсан оқиғасына арнап фотокөрмесін өткізді. Сонымен қатар қолөнершілер жәрмеңкесіне қатысты. Осы сәтті пайдаланып, суретшімен тілдескен едік.
Қазір «Жетісу» телеарнасында фотограф болып жұмыс істеп жатқан Жеңіс Ысқабай 1980 жылы Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұғанбай ауылында өмірге келген. Сол жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарындағы жеңіске орай әулеттің үлкендері оған Жеңіс деген есім беріпті. Содан бері ол тек жеңіс жолында тынымсыз еңбектеніп келе жатыр.
Атадан дарыған өнер
Бала кезінен сурет салуға икемі бар ол 3-4 жасында «Ара» журналындағы суреттерді дәлме-дәл көшіріп салады екен. Сурет салуға бейімі барын білген ата-анасы оны әрдайым қолпаштап, ынталандырып отырыпты.
Журнал бетіндегі суреттерді көшіріп салған кезім есімде жоқ, үлкендер солай айтып отыратын. Дегенмен бала кезімнен сурет салуға, ағаш оюға құмарттым. Оған себеп – атам шебер кісі болды. Ол кісі ертұрман жасап, қамшы өретін, бір сөзбен айтқанда, тұрмысқа қажетті заттардың бәрін өзі жасап алатын. Оның үстіне өте сапалы етіп жасайтын, міне, бала кезімнен сондай істі көріп өстім. Атамның киіз үйдің сыртына қайысты орап, су бүркіп отырып қамшы өргенін талай көрдім, ол кезде кішкентаймын. Қазіргі менің өнерге жақындығым сол атамнан, тектен берілген болуы керек, - дейді ол.
Сурет салғанды ұнататын ол мектептегі суретшінің бөлмесінен шықпайды екен, қолы босай қалса болды, сонда барып, бірдеңе үйренуге әуес болыпты.
Сабақ бітісімен балалар үйіне қайтып жатса, мен керісінше, қосымша бірдеңе үйренуге тырыстым. Ұстазым Ресейден оқып келген, өте дарынды адам болды. Алғаш барғанымда ол маған қарап «сенің көзіңде от бар екен, сен оқисың» деді. Сөйтіп, өз қамқорлығына алып, бойындағы бар білгенін маған үйретуге тырысты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ол кісіге қарыздармын. Ұстаз деп кімді айтуға болады? Ұстаз деп саған жақсы жол сілтеп, кеңес берген адамды айтуға болады. Ол пышақпен бір оюды қалай пішу керегін үйретуі мүмкін немесе қаламмен бір шеңберді қалай сызу керегін үйретуі мүкін, міне, оның бәрі ұстаз болып саналуы керек, - дейді суретші.
Мектеп бітірген соң жас шебер Алматыдағы құрылыс және менеджмент колледжіне оқуға түседі. Ол жерде сәулетші техник мамандығын алып шығады. Кейін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде суретшілік және сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқып білім алады.
Ол жерде де көп нәрсені түйіп шықтым. Университет қабырғасында дарынды суретшілерден бөлек адами қасиеті жоғары мықты адамдар болды. Оқуды тәмамдаған соң еліміздегі салмақты, рухани әлемде өз орны бар адамдармен араласа бастадым. Сонымен қатар «Алматы ақшамы» газетінде фотограф болып жұмыс істеп жүрдім. Осы тұста «қазақ» әлеміне терең үңіле бастадым, - дейді Ж. Ысқабва.
Бұған дейін жоғары оқу орнының барлығында орысша оқыған ол «Алматы ақшамы» газетіне келгелі айналасын, жалпы қоғамды тани бастаған. Мәдениетімізге, өз құндылықтарымызға терең үңіліп, оны көпшілікке жеткізе білу тұрғысында жұмыс істеген.
Фотограф болып жұмыс істеуді бастағалы жоғымызды жоқтап, барымызды барынша жар салуға тырыстым. Өйткені газет бетіне жақсы суреттер шығып отыруы керек, оның барлығы өздігінен келмейді, ол ізденіс, маңдай термен келеді, - дейді ол.
Фотоға тосыннан түсіргенді ұнатамын
Суретші алғаш фотография саласына келген тұста Шүкір Шақай сынды өз ісінің майталманы, мықты фотографтан көп нәрсе үйренгенін айтады.
Қазақ фотография саласында көш бастап келе жатқан Премьер-министрдің фотографы Шүкір Шахай ағамызды айтуға болады. Ол кісінің алдында да дарынды фотографтар болды, дегенмен менің замандастарымның ішінде Шүкір Шахайдан орны ерекше. Біз сол кісілерге еліктеп, жақсы жағын алуға тырыстық. Ол репортаж саласын дамытып, шынайылықты беруге талпынды, осы тұрғыдан біз алдыңғы буыннан көп нәрсе алдық. Сондықтан Шүкір Шахай сынды фотографтар бізге құнды дүниелер қалдырып кетті, - дейді фотограф.
Оның айтуынша, қазіргі күні қазақ фотографиясы жақсы дамуда. Әр салада бір-бір маманнан бар көрінеді.
Мәселен, мен өзім спорт, портрет жанрын жақсы көремін, оның ішінде фотоға тосыннан түсіргенді ұнатамын. Тосынан түсірсең, адам шынайы болады. Мәселен, балалардың өз эмоциясын көрсетуі, ешкімнен ұялмауы, оның барлығын ашық көрсетуге болады. «Қазақстан барысымен» жеті жылдай жұмыс істедім. Қазақ палуандарының әрқайсысын түсіріп шықтым. Одан кейін бүкіл әлемнен келген палуандарды түсірдім. Оның үстіне қазір табиғатқа, жануарларды түсіруге көбірек көңіл бөліп жүрмін. Осы сияқты натюрморд, макро салалары бар. Макро дегеніміз – ұсақ жәндіктерді түсіретін фотографтар, - дейді ол.
Сөз арасында ол, «шымшық сойса да нағыз қасапшы сойсын» дегендей, фотоға нағыз кәсіби мамандарды тарту керек деген ойын айтты.
Қазір технология қатты дамыған кез, фотоаппараттың неше түрі бар. Әр фотоның өз саласына қарай оптикасы, көзілдірігі болады. Мысалы, бүгін портрет түсіретін болсам, онда маған 1,8-2 диафрагмалы оптика керек, ал үйдің қабырғасына арнап сурет түсіремін десем, онда пикселі жоғары фотоаппарат қажет. Дегенмен бұл құралды білмейтін адамға берсең, ол түсіре алмайды. Ал нағыз маман онымен керемет туынды шығарады, - дейді ол.
Фотография – жылт етіп, жоқ болған бір сәт
Оның айтуынша, фотография – жылт етіп, жоқ болған бір сәт. Кәсіби фотограф сол сәтті көре білуі керек, ол адамның сезіміне, түйсігіне байланысты екен.
Менің ойымша, ол адамға берілген ерекше бір қасиет. Өзім әрдайым ізденіс үстінде жүремін, бір жаңалық ашқым келеді. Сәтті, жақсы туынды шыққанда адам шаршағанын ұмытып қалады. Көңіл-күйі көтеріліп, одан ары шабыттана түседі. Әрбір жақсы дүние - өнер адамына жан ләззатын сыйлайды. Әдемі бір сурет түсірсең, оған жақсы бір өлең сұранып тұрады. Мәселен, шоқтығы биік Абай, Мұқағалидан бөлек басқа да қаншама ақындардың өлеңін оқисың, зерттейсің. Кейде өлеңдер қиялыңа шабыт береді. Яғни, мәдени әлемдегі адамдардың бізге бергенін ұштастыра білуіміз керек. Суретші – ол сезімнің адамы. Егер өз сезіміңді сурет арқылы беріп, адамға жақсы көңіл-күй сыйласаң немесе көңілін толқытып жаңа бір әлемге жетелесек, яғни пейіштің өзі осы әлемде екенін көрсете білсек, онда руханиятқа, қоғамға өз үлесімізді қостық деп санаймын, - дейді Ж. Ысқабай.
Кейіпкеріміз алғашқы фотокөрмесін 2006 жылы «Алматы ақшамы» газетінде жұмыс істеп жүрген тұста өткізіпті. Одан бері тағы да 3-4 көрме ұйымдастырған.
Алғашқы көрмем Желтоқсан оқиғасы өткен жаңа алаңдағы Трибуна көркем сурет галереясында өткен еді, қазір ол жерді бұзып тастады. Одан кейін туған жерге арнап бірнеше көрме өткіздім, Талдықорғанда Мұқағалиға арналған көрмем өтті. «Жетісу – жер жаннаты» тақырыбында да көрме ұйымдастырдым. Мұның барлығы жеке шығармашылық, түсірген дүниелерімізді халыққа көрсетіп отыруымыз керек. Шығармашылық адамы болған соң ,есеп беріп отырған жөн, - дейді ол.
Сондай-ақ фотосурет байқауларына да қатысып тұрады, Алматыда өткен бірнеше байқаудың жүлдегері атаныпты. Республикалық бір байқауда үш жүлдені бірдей ұтқан кезі болған екен.
Бұл бір қызық оқиға болды. Алматы облысында Nur Otan партиясы ұйымдастырған іріктеу байқауына қатыстым, ол жерде маған екінші орын берді. Кейін ондағы суреттерімді елордаға республикалық байқауға жіберіпті. Сол жерден бас жүлдені алдым. Кейін ұйымдастырушылар айтып берді, сондағы үш орынды да менің фотоларым иеленіпті. Басқа адамдар да қатысып жатқан соң, оларға да жүлде тисін деген ниетпен менің екі суретімді қатыстырмай, алып тастапты. Бұл – жай мақтанғандық емес, еңбегімді елеп, мойындау. Мен де оны құптадым, басқа да фотографтарға жүлде тигені дұрыс, шығармашылық адамын ынталандырып отыру керек, - дейді суретші.
Отандық ойыншықтар жетіспейді
Кейіпкеріміз фотоны әдемі түсіріп қана қоймай, ағаштан түрлі бұйымдар жасай біледі. Әсіресе, балаларға арнап «Жорғатай», «Куа-куа» сынды ойыншықтарды жасауды елімізде бірінші болып қолға алған жан.
Бала кезімнен қолыма пышақ алып, ағаш жонғанды жақсы көретінмін. Одан кейін шыбық сындырып, ат қып мініп ойнайтын едік. Ағашқа жақындығым сол бала кезден бар. Ағаш табиғи таза өнім болғандықтан шығар, онымен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бұрын жерде сынып немесе шіріп жатқан тамырларды көргенде қиялға ерік беретінмін. Оны пышақпен сәл жонып жіберсең, бір жануарға ұқсап шыға келеді я болмаса адам тәріздес болып кетеді. Ол көрініп тұрады, тек қолұшын тигізіп жіберу керек. Сөйтіп жүріп ағаш өнеріне келдім. Бала кезімдегі ойымның барлығы қазір іске асып жатыр, - дейді шебер.
Ж. Ысқабай ағаштан түрлі бұйымдар жасауға, ең алдымен, бұған дейін алған білімі мен жиған тәжірибесі көмектесіп жатқанын айтады.
Сондай-ақ қазір әлеуметтік желідегі пайдалы ақпараттың барлығын іске асыруға болады оның технологиясы – барлығы қолжетімді. Бұл – менің заманым, дәл қазір осыны мен істемесем, ертең кеш болады. Елімізде кенжелеп тұрған нәрсенің бірі – балалар ойыншығының жетіспеушілігі. Біз қоғамды Ресейдің кітабымен, Қытайдың өнімімен тәрбиелеп жатырмыз. Бізге жусанның иісі аңқып тұрған отандық дүниелер өте қажет. Қандай дүние шығарсақ та одан қазақилық білініп тұруы керек, соған бола оны сатып алатын жағдайға жетуіміз керек, - дейді ол.
Сөз арасында ол балаларға арналған «Жорғатай» ойыншығын жасау идеясы қалай келгенін айтып берді.
Тұңғышым, қызым дүниеге келгенде оған керемет, табиғи таза ойыншық алып беруді қаладым. Өкінішке қарай, Қытайдан келіп жатқан ойыншықтардың сапасы сын көтермейді, алған бетте сынады немесе адам денсаулығына зиянды. Кейін неге таза пайдалы ойыншық жасамасқа деген ой келді, осы бағытта ойланып жүріп «Жорғатайды» өмірге әкелдім. Табиғи таза ағаштан жасалған бұл ойыншықты ата-ана өзі құрастырып, баласын мінгізе алады. Оның үстіне пайдасы да көп. Қазіргі технология дамыған заманда біз баланың санасына өзгенің мәдениетін сіңіріп жатырмыз және түрлі смартфондар баланың көзіне кері әсер етеді. Қолынан телефонды тастамайтын бала қозғалыстан айырылады, оның арты ауыршаңдыққа әкеледі. Сол үшін баланы осындай тербелмелі, қимылдатуға итермелейтін ойыншықпен ойнатып отырған пайдалы, - дейді суретші.
Алғашқы шеберханасын Талдықорған қаласында ашыпты, ол жақта қолдау болмаған соң шеберхананы Алматыға көшірген, қазір онда 3 адам жұмыс істеп жатыр. Онда ойыншықтармен қатар кебеже, қайқыбас төсек жасайды екен.
Қайқыбас төсекті кезінде аухатты адамдар жасатқан ғой. Ол адам денсаулығына өте пайдалы. Бұл төсектің екі басы көтеріңкі, ол қан қысымын болдырмас үшін, яғни тепе-теңдікті сақтап, қан айналымын жақсартады екен. Жақында кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаевты тыңдап отырсам, ол алдымен өзіңе «жасап отырған дүниең халыққа пайдалы ма деген сұрақ қой» дейді. Иә, мен жасап отырған заттар халыққа пайдалы екенін, оның алға басатынын түсіндім. Тек соны іске асыру үшін күш-жігер керек, қиындыққа мойымау керек, - дейді ол.
Шебер әлеуметтік желі арқылы шетелге көз салып, онда қолға алынып жатқан инновациялардың бәрін бақылап, оның пайдалы жағын іске асыруға болатынын айтады.
Жалпы шеберлердің қоғамға берері көп. Өткен жылдары өткенімізді жаңғырту бойынша «Рухани жаңғыру» деп, біраз дүниелер айтылғаны белгілі. Осы тұста қолөнер шеберлерінің рухани жаңғыруға қосып жатқан үлесі орасан. Біз қай салада болмасын бұрыннан келе жатқан өнерді жағыртып, қазіргі заманға бейімдей отырып қоғамға беруіміз керек, - дейді ол.