Пробация қызметкерлері ерікті жастармен кездесті

6 Ақпан 2020, 01:35
2205
Бөлісу:
Пробация қызметкерлері ерікті жастармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Еріктілер жылы" аясында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Пробация қызметінің қызметкерлері бірқатар ерікті жастармен кездесу өткізді, деп жазды департамент facebook-тегі парақшасында.

Жиынға келгендер еріктілер жылына орай өзара іс-шаралар жоспарын құрды.

Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлық ұйымдар жұмыс істейді. Солардың бірі – Жамбыл облысы бойынша "Жібек жолы" жастары волонтерлар қозғалысы. 2016 жылы құрылған аталған ұйымда бүгінгі таңда облыс бойынша 1600, Тараз қаласында 150 ерікті жұмыс істеуде. "Жібек жолы" жастары облыс көлемінде өтетін әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша іс-шараларға белсене араласуда. Бүгін сіздермен жүздесуіміздің де басты себебі – бірлесе жұмыс жасайық деген ниетімізді білдіру еді. Алдағы уақытта айналысындағы адамдарға пайдамды тигізсем дейтін волонтерлермен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздеп отырмыз, - деді Пробация қызметі бөлімінің басшысы Жанат Нурмаханбетова.

Сонымен қатар "Жібек жолы" жастары волонтерлар қозғалысының жетекшісі Медет Нұрділлаұлы әрбір еріктінің басты міндеті - өз еркімен көмектесу екенін айтты.

Еріктілер қозғалысына мүше болған күннен бастап, өмірімнің жаңа бір кезеңі басталды десем де болады. 4 жылдан бері ерікті атанып, әр іс-шараға белсенді қатысуға тырысамын. Негізінде, ерікті болудың өз артықшылықтары бар. Мәселен, кез келген жобада жүргенде ойыңда: "Әлемді мейірімділік құтқарады" деген сөз жатталып қалады. Бір жағы бос уақытыңды тиімді пайдаланып, жобаларды жүзеге асырып жүргенің - үлкен тәжірибе. Бұл жерде алар тәжірибем болашақта өз жемісін береді деп ойлаймын, - деді ол.
Кездесу барысында жастар өз ойларымен бөлісіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап ала алды. Сондай-ақ олар тұрғындарды қуантатын шараларды әрдайым қолдайтындарын айтты.

Өзгелердің жаңалығы