Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Проактивті қызметтер көрсетуді іске асырудың арқасында жәрдемақылар тағайындауды ресімдеу үшін енді қазақстандықтарға "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ бөлімшесіне барудың еш қажеті жоқ. Мұны тек SMS жауап беріп телефон арқылы жасай аласыз.
Еңбек ету қабілетінен айырылған, жұмысынан айырылған, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайларда әлеуметтік төлем тағайындалуға тиісті әрбір азамат ол төлемдерді SMS хабарламаға жауап бере отырып, қашықтықтан ресімдей алады.
Алайда, бұл мүмкіндікті тек 200-ден астам адам пайдаланды.
Тіркеуші орган барлық қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алады, ал жетпеген құжаттарды қызмет алушыдан SMS арқылы сұратады. Жәрдемақы алу үшін телефон арқылы шот нөмірін жіберуге болады. Қызметті қашықтықтан алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу жеткілікті, - деді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру бойынша АЖ дамыту және сүйемелдеу департаментінің директоры Лаура Сейсекеева.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) ақпараттық жүйесі әлеуетті қызмет алушыны онда қызметтерге құқық пайда болған соң анықтайды және тиісті хабарлама жібереді. Оған жауап бере отырып, Мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық процесінен қашықтан өтуге болады.
Бүгінгі күні қызмет көрсетудің проактивті форматын 234 адам пайдаланды.
Әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алушылар әлдеқайда көп. Негізінен, адамдар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барады, әлі күнге дейін проактивке сенбейді және хабарламаларға жауап бермейді, - деді Лаура Сейсекеева.
Бүгінгі күні Еңбекмині "Еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу әлеуметтік қатерлері жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындау" және "Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау" мемлекеттік қызметтерін проактивті форматта іске қосты.
2020 жылдың соңына дейін "Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау", "Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау", "Халық Қаһарманы", "Қазақстан Еңбек Ері" санаттары үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау» сияқты жаңа проактивті қызметтер қосымша енгізілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында ҚР Үкіметі мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстарын жүргізуде. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Еңбекмині қызметінің 80%-ы электрондық форматта көрсетіледі.