Қазақстан президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында "ҚЗСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat." ұлттық сараптама алаңының отырысында сарапшылар елімізде жүзеге асырылған реформаларды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚЗСИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина қандай жұмыс атқарылғанын айтты.
Бүгін жүргізілген саяси реформалардың қорытындыларын жасадық. Яғни 3 жылда қандай жұмыс атқарылды, қандай нәтиже алдық. Алдымен бірнеше мәселені түсініп алуымыз керек. Реформа 3 жыл жүргізіліп келе жатқанымен, ол бірден нәтиже бермейді. Яғни міне бүгін реформа жасасақ, одан ертесіне үлкен нәтиже күтпеуіміз керек. Өйткені кез келген реформа болуы үшін біріншіден заңнамалық негізі салынады. Дәлірек айтқанда, заң қыбалданады, заңға өзгерістер енгізіледі. Содан кейін барып қана ол жүзеге асады. Одан кейін ол реформада ерекшеліктер немесе кемшіліктер болса, оны қайтадан заң аясында қарастырамыз. Яғни реформа – ол үзіліссіз, үздіксіз жүретін процесс, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде реформалардың алғашқы жақсы нәтижелерін көру үшін оған 10-15 жылдай уақыт қажет.
Жолдыбалина елімізде осы уақыт аралығында қандай реформалар жүргізілгеніне тоқталды.
2021 жылдан бастап біз ауыл әкімдерін сайлай бастадық. 4 жыл бойы 6800-ге жуық ауыл әкімдерін сайлау өтті. Енді биыл шілдеге дейін барлық ауыл әкімдерін жаңартып шығамыз. Бұл толыққанды процесс ретінде қалыптасып келе жатыр, - деп айтты ол.
Сарапшы алдағы уақытта ауыл әкімдеріне қатысты заңнама жетілдірілуі мүмкін екенін қоса кетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сарапшылар Президенттің 3 жылдық реформаларының нәтижелерін талқылады.