Президенттің менің еліме жосықсыз тиіспеңдер дегенді бетке айтуы – біздің елдің саясатының дербестігінің айқын дәлелі

18 Маусым 2022, 00:25
1755
Бөлісу:
Президенттің менің еліме жосықсыз тиіспеңдер дегенді бетке айтуы – біздің елдің саясатының дербестігінің айқын дәлелі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық Кеңес мүшесі, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Уайс Ерсайынұлы халықты Мемлекет басшысын бірауыздан қолдауға шақырды.

Бүгінгі Санкт-Петербургтегі форумда журналист Симоньянға берген жауабын тыңдап, 2020 жылы Президент Тоқаевқа жасаған таңдауымның дұрыстығына және бір рет көз жеткіздім. Мемлекеттің позициясын табанды түрде, дипломатия тілімен, байсалдылықпен қорғай отырып, ДНР, ЛНР сияқты сепаратистік елдерді мойындамайтынын Ресейдің өзінде, Путиннің жанында қасқайып отырып менің еліме жосықсыз тиіспеңдер дегенді бетке айту – біздің елдің саясатының дербестігінің айқын дәлелі, тәуелсіздігінің нақты көрінісі.  Әрине, «көрмес – түйені де көрмес» деген, өзін оппозиция санап, ондаған жылдан бері бір пластинканы ойнатып жүргендер бұған да жауап айтқан болар бірақ, қоғамның саналы бөлігіне ол әсер етпес. Дегенмен, елді іштен ыдыратып, мемлекетімізді құртуды көздеген түрлі деструктивті күштер алауыздық отын үрлеуді тоқтатар емес. Қоғамда өзгерістерді қалайтын азаматтардың үлкен бөлігі әлі де солардың жетегінде, ырқында кетіп отырғаны қынжылтады. Бұл Қ. Тоқаев ұсынып, қоғам мақұлдап отырған Жаңа Қазақстан идеясына кесірін тигізбейтініне ешкім де кепілдік бере алмайды. Ел ішінде бақастық, күншілдік сонымен бірге дау-жанжал көбейді. Ел болашағын ойлаған азаматтардың сыртынан тас атып, бір-бірін қаралап, бір-бірінің абыройын түсіру мақсатында домалақ арыз жазып, теріс үгіт жүргізу белең алды. Бұл сонау қасіретті 37 жылды еске түсіргендей.

Мемлекет басшысының абыройын түсіргісі келетін, кекетіп жазуды келеке етуді дәреже көретін тайыз ойлылар көбейді. Өз елінің мүддесі үшін жан алып, жан беріп жүрген Президентті дәл қазір қолдау ауадай қажет. Себебі, егер бұлай жалғаса беретін болса, қоғам бірлігіне сызат түсіп, ортақ мақсатымыздан айрылып қаламыз ба деген қаупім бар! Бастауын мыңжылдықтардан алатын, тарихын терең мемлекетімізді алда әлі талай сынақтар тосып тұрғаны анық.

Бүгінгі күні Ресейде айтылған сөзден кейін, оның салдары қандай болуы мүмкін екенін айту қиын. 

Уайс Ерсайынұлы дәл қазір халықтың мемлекеттік мүдде тұрғысынан ұйысуы басты мәселе екендігін атап жазды.

«Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген сөзді айтқан атамыз қазақ! Осынау күн санап құбылып тұрған алмағайып заманда қоғам тұтастығы басты бағыт болуға тиіс! Қазақ қашан да жаудан әлсіздігінен не болмаса аздығынан жеңілмеген халық. Қазақ дұшпанынан жеңілсе тек айрандай ұйып отырған берекесі мен бірлігі, татулығы мен ынтымағы кеткен кезде ғана жеңіліс тапқан халық. Ел боламыз десек, біз тарихтың осынау қатал да ащы тағдырынан сабақ алуға тиіспіз.Бірақ, бір кезек күттірмес мәселе – ол халықтың мемлекеттік мүдде тұрғысынан ұйысуы. Бүгін де біздің алдымызда не ынтымағы жарасқан біртұтас ел болу не алтыбақан алауыздықтан арылмаған тобыр болу таңдауы тұр!«Қаным – қазақ, қаным қазақ болмаса да, жаным – қазақ, мен мемлекетімнің ертеңіне жауаптымын» деген әр азамат Президентіміздің бүгінгі ұстанымын қолдайтынына бек сенемін! Президентті қолдау оны мақтау емес! Мақтамай да, жағымпазданбай да қолдауға болады! Ел мүддесі үшін қолдау қажет! Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, береке кетсе нең қалар!  Берекеміз, бірлігіміз кетпесін, халайық! Президентімізді қолдайық!

Өзгелердің жаңалығы