Президенттің батыл шешімдері еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтады – Қошанов

28 Ақпан 2022, 09:28
1435
Бөлісу:
Президенттің батыл шешімдері еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтады – Қошанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына барып, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанның жағдайымен танысты. Сайлаушылармен кездесуге облыс әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты.

Ерлан Қошанов сапарын елордадан 30 шақырым жерде орналасқан Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы колледж-мектеп-интернаттан бастады. Мұнда ауылшаруашылық машиналарын жасау, дәнекерлеу, қоғамдық тамақтандыру бойынша және ақпараттық технология саласына мамандар даярлайды. 445 орынға арналған бұл мекемеде бүгінде 148 адам білім алуда.

Мәжіліс спикері колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен және жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, түйткілді мәселелерді тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады.

Әңгіме барысында Мәжіліс төрағасы еліміздегі бүгінгі ахуалға тоқталды.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде жастарымызды арандатушылар өз мүдделеріне пайдаланып кетті. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жастарға жұмыс беріп, оларды өнімді еңбекпен қамтамасыз етуіміз қажет. Жастардың болашаққа аяғын нық басуы үшін олар мамандық иесі атанулары керек. Сондықтан біз республика бойынша осы саладағы орта арнаулы білімді дамытуға жағдай жасап жатырмыз. Шынында да қаңтар оқиғасында Президенттің батыл шешімдері болмаса біз бүгін болашақтың мәселесін талқылап тұрмайтын едік, -  деді Қошанов. 

Жиын барысында белгілі болғандай, Ақмола облысының әкімдігі аталған колледжді жаңғыртуға мақсатты қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Депутаттар бұл жұмысты бақылауға алып, орта арнаулы оқу орындарына академиялық дербестік беретін заң жобасы бойынша жұмысты да жеделдетпек. Бұл олардың сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Одан әрі Мәжіліс төрағасы қала мен жақын маңдағы елді мекендерді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Степногорск қаласының жылу электр орталығында болды. Кәсіпорын қызметкерлері өз жұмыстары мен келешегі туралы айтып, Степногорск қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің жай-күйіне ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов Степногорск қаласы тұрғындарының мәселелерінен және магистральдық желілердің тозығы жеткенінен хабардар екенін атап өтті. Осы орайда облыс, қала басшылығына қажетті құжаттаманы дайындап, бюджеттік өтінім жолдауды ұсынды. «Біз өз тарапымыздан Үкіметке тиісті сауалдар жолдаймыз» деді Палата спикері.

 

Кездесу барысында қоғамда кеңінен талқыланып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару функцияларын меншік иелері қауымдастығына беру мәселесі қозғалды.

Е.Қошанов тұрғындарға қызмет көрсету шығыны мол көпқабатты шағын үйлерді басқару бойынша өз ұсыныстарын Мәжіліске енгізуді ұсынды. 

Мәжіліс төрағасы жұмыс сапары аясында Бөгенбай батыр атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ұстаздары және оқушыларымен де кездесті. Әңгімелесу барысында Мәжіліс төрағасы спорт мектебінің тәрбиеленушілері әр жылдары бір емес, бірнеше рет Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғағанын атап өтті. 

Сонымен қатар Ерлан Қошанов мектеп-интернатта туындаған жанжалды жағдайдан, оған Мемлекет басшысы назар аударып, пікір білдіргенінен хабардар екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы оқушылар арасында тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды. Айта кету керек, 2000 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің премьер-министрі болған кезде бұл мектепке, ашылғаннан кейін бірден келуінің өзіндік мәні бар.

Мәжіліс төрағасы белгіленген тапсырманы жоғары деңгейде орындап отырған «Қазақстанның жылыжай технологиялары» кәсіпорнының ұжымымен бірге агроөнеркәсіп кешенін және жалпы өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұл ретте Мәжіліс спикері тұрғындар үшін қолжетімді баға мен өсірілетін өнімнің жоғары сапасын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондықтан компанияның одан әрі дамуы маңызды екенін айтқан Палата төрағасы бүгінде мемлекет шаруаларымызға барынша қолдау көрсетуге тырысып, қазірдің өзінде түрлі қолдау құралдары енгізілгеніне назар аударды. Олар: инвестициялық субсидиялар, тыңайтқыштардың, пестицидтердің, биоагенттердің құнын субсидиялау, жеңілдетілген несиелер. 

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы жұмыс істемей тұрған балабақша ғимаратын аралап, Степногорск қаласының тұрғындарымен де кездесті. Тұрғындар ғимаратты Оқушылар сарайына айналдырып, қалпына келтіруге Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады. Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту туралы тиісті тапсырмасын атап өтіп, бұл мақсатты жүзеге асырудағы негізгі құралдардың бірі мемлекеттік тапсырыс арқылы бизнесті тарту екенін айтты. Мәжіліс төрағасы балабақшаны жөндеуге жергілікті бюджет есебінен немесе басқа да көздерден қаржы бөлуді әкімдікке ұсынды.

Мәжіліс төрағасы облыстағы медицина қызметкерлерінің түйткілді мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, «Виамедис» ЖШС филиалында дәрігерлермен кездесті. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуде мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығының тиімділігіне тоқталған Ерлан Қошанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды ұсынды. Бизнес міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру (МӘМС) және басқа да мемлекеттік тапсырыс құралдарының мүмкіндіктері арқылы медициналық мекемелерді салады және кадрларды тартады, мемлекет қаржыландырады. 

Кездесу соңында Ақмола облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берген «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі батыл әрекеттері үшін қолдап, алғыстарын жолдады.

Азаматтар тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы ел ішіндегі өзара түсіністік пен келісім жағдайында ғана мүмкін болады деген пікірде. Көрші мемлекеттерде орын алған оқиғалар мұны тағы да айқын дәлелдеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы