Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері салық саясатын талқылады

11 Наурыз 2023, 13:25
2137
Бөлісу:
Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері салық саясатын талқылады
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ПЖКР мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, жиында жаңа Салық кодексінің жобасы талқыға түсті.

Сондай-ақ іс-шараға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев қатысты. 

ҰЭМ басшысы атап өткендей, осы құжатты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, салық салу саласындағы сарапшылар және кәсіпкерлер кірді.

Министрлікте жаңа жылдан бастап жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау басталды. Ол салықтық әкімшілендіруді түбегейлі қайта қарауды, цифрландыруды, сән-салтанат салығын енгізуді көздейді. Бұдан бөлек, салық мөлшерлемелерін саралау, үдемелі табыс салығының тетіктерін қарастыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады, - деді Әлібек Қуантыров. 

Кездесу барысында қатысушылар салықтық әкімшілендіруді жеңілдету - бизнес субъектілерінің басты сұраныстарының бірі болып табылатынын атап өтті. Жұмыс берушілерге жүктемені азайту мақсатында еңбекақы төлеу қорынан төлемдер санын жеңілдету және қысқарту бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Сондай-ақ көрші елдерге экспорттай алмайтын жер қойнауын пайдаланушыларға преференциялар беру және жеке табыс салығы прогрессивті шкаласын енгізу бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, бизнес субъектілерін тарту үшін табыс шегін алып тастау және бөлшек салық режимі бойынша қызметті кеңейту ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы