Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда президенттік институттың қалыптасқанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияға шетелдік сарапшы-мамандар да қатысуда. Солардың бірі – Әзірбайжан Республикасы Конституционалдық сот төрағасы Фархад Абдуллаев. Ол президенттік басқару формасы тақырыбы әлі де маңызды екенін айтты.
Бүгінде "Президенттік басқару формасы: конституциялық негізі және саяси практика" тақырыбы өзектілігін жоймаған тақырыптардың бірі. Тарих және әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Президент институты бірқатар елде дағдарыс кезеңінен шыққан мемлекеттерде көптеген мәселелерді шешу барысында қолға алынғанын көрсетіп отыр. Заманында Шарль де Голль дәл осы президенттік басқаруға қатысты "Қиын кезеңдерде мемлекеттің ағысқа қарсы тұрар, жол бастар жетекшісі болуы керек", деп айтып кеткен болатын. Демократиялық қоғамда саясат адамдар үшін және адамдар арқылы жасалады. Тек өзара қарым-қатынасы, қызығушылықтары, ерік-жігері, қоғамның саяси өмірін бағыттау арқылы ғана жасалады. Алайда, мемлекеттің құрылу тарихында тұлғаның рөлі маңызды фактор болып қала бермек, - деді Фархад Абдуллаев.
Ол конференция барысында Әзірбайжан Республикасындағы президенттік институттың құрылу тарихына тоқталып, Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаларға куә болғанын айтты.
Қазақстанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен атқарылған мәселелер сияқты, Әзірбайжан Республикасында да жаңа Конституция жобасы жасалды. Оның мәтіні 1995 жылы 30 тамызда бекітілді. Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылы Қазақстанда конституциялық реформалар жүргізілді, құқық және саясаттың бірқатар аспектілерін қозғаған реформаға бәріміз куә болдық. Бүгінде президент институтының салмақты, ұйымшыл, бірлігі мығым институтқа айналғанын көріп отырмыз, - деді Фархад Абдуллаев.
Ал, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқық институтының директоры, Ресей ғылым академиясының вице-президенті, Құқық арқылы демократия бойынша Еуропалық Комиссияның мүшесі (Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы) Талия Хабриева президент институты Қазақстан мен Ресейде бір кезеңде қалыптасқанын мәлімдеді.
Отыз жылдық тәжірибені жаһандық-конституциялық контекст аясында қарайтын болсақ, конституциялық дамуда – әлеуметтік конституция моделі деп аталатын сұранысқа ие конституция моделіне қарай трансформациялану тенденциясы байқалады. Конституция мазмұны көптеген елдерде жаңа құндылықтармен толықтырылып жатыр. Менің ойымша, әлеуметтік конституцияның заманауи моделі әлеуметтік-құндылықтық модельге айналуда. Бұл өзгерістерді президент институты да қозғап келеді. Қазақстан мен Ресей конституциялық институттардың толық құқықтық анықтылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін Конституция ережесін детальдау жолында. Мысалы, ҚР Конституциясында президенттің халық бірлігінің кепілі екені шегелеп жазылған. Мұндай ұқсастық Ресей конституциясында да бар, - дейді Талия Хабриева.