Президенттің виртуалды қабылдауына 1500 адамнан хат келіп түсті

25 Шілде 2019, 00:53
1710
Бөлісу:
Президенттің виртуалды қабылдауына 1500 адамнан хат келіп түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан біраз бұрын akorda.kz ресми сайтында Президенттің виртуалды қабылдауы ашылған болатын. Оған еліміздің әр түкпірінен түрлі мәселелер бойынша хаттар толассыз кеп түсіп жатыр. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли «Egemen Qazaqstan» басылымына берген сұхбатында виртуалды қабылдаудың мақсаты мен тиімділігі және азаматтардың дені қандай мәселеге өтініш айтатынымен бөлісті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Биыл 22 сәуірде www.akorda.kz сайтында Қазақстан Республикасы Президентінің виртуалды қабылдауы ашылды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың жеке немесе түрлі қоғамдық мәселелерге қатысты өтініштерін қарау, Ақорданың қоғаммен тікелей диалог орнатуына жол ашу, ел ішінде болып жатқан оқиғаларды бақылап отыру және жедел шаралар қабылдау.

Виртуалды қабылдау ашылғалы, небәрі осы 3 айдың ішінде 1500-ге жуық хат келіп түсіпті. Оның жартысынан көбі қаралып, тиісті жауаптар берілді. Ал оның тиімділігі туралы айтар болсақ, маусым айының соңында Президент табысы аз, әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың осы уақытқа дейін алған тұтыну несиелері мен олардың үстемелерін кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл санатқа көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар кіреді. Олар – түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай қалғандар.

«Ал бұл проблема қайдан шықты? Жаңағы айтып отырған Президенттің виртуалды қабылдауына ең көп жазылған мәселе осы кредит проблемасы екен. Сондықтан Мемлекет басшысы әлгіндей өтініштердің барлығын жинақтап, осындай шешім қабылдады. Күні кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент мұның бір реттік акция екенін, қайта жалғасын таппайтынын ескертті. Міне, виртуалды қабылдаудың тиімділігінің нақты мысалы осы болса керек»,- деді Берік Уәли. 

Сұхбат барысында баспасөз қызметі Президенттің виртуалды қабылдауына келіп түсетін әрбір өтініш міндетті түрде қаралатынына тоқталды. Өтініштердің бәрін бірдей Мемлекет басшысының қарауы мүмкін емес әрине. Бірақ әр хатты Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, құзырлы органдар қарайды. Оларға жауап жазылуы, шешім қабылдануы – Президенттің жеке бақылауында.

 

 

Өзгелердің жаңалығы