ҚҚДИ зерттеуі: Қазақстандықтардың 75%-дан астамы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын

17 Шілде 2026, 11:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ 17 Шілде 2026, 11:35
17 Шілде 2026, 11:35
152
Фото: ©BAQ.KZ

Қазақстандықтардың 86,9%-ы Президентке сенім білдіреді, ал 75,1%-ы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын. Мұндай мәліметтер Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен «Сарап» сарапшылар клубының отырысы болып өтті. 
Жиында жаңа Конституция жағдайындағы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қоғамдық көңіл-күй, партиялық құрылымдардың рөлі және азаматтардың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігі талқыланды.

Отырыс барысында Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген екі әлеуметтік зерттеудің нәтижесі таныстырылды. Олар – «2026 жылдың ІІ тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» және «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеулері.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл көрсеткіш І тоқсандағы 70,4%-бен салыстырғанда айтарлықтай жоғарылаған.

Сонымен қатар қоғамдағы оптимистік көңіл-күйдің артқаны байқалады. Өз көңіл күйін жақсы немесе бірқалыпты деп бағалағандардың үлесі 88,5%-ға жетсе, алаңдаушылық сезінетіндердің үлесі 15,2%-дан 11,5%-ға дейін төмендеген. Өміріне қанағаттанатынын айтқан азаматтардың үлесі 85,8%-ды құрады.

Азаматтар саяси партиялардан ең алдымен халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ жемқорлықпен күрес бағытында нақты әрі кәсіби шешімдер күтеді. Бұл қоғамның кәсіби депутаттарға деген сұранысының артқанын көрсетеді. Екі зерттеу де 2026 жылдың мамыр айында бетпе-бет сауалнама әдісімен жүргізілді. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі қала және ауыл тұрғындары қатысты. Зерттеу барлық жас және әлеуметтік топтарды қамтыды, – деді Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев.

Зерттеу жастардың да елдегі жағдайға оң көзқараспен қарайтынын көрсетті. 18-28 жас аралығындағы азаматтардың 87,1%-ы қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағаласа, 65,6%-ы алдағы бір жылда өз өмірі жақсарады деп сенетінін жеткізген.

Жиында мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі де жарияланды. 2026 жылдың ІІ тоқсанындағы зерттеу нәтижесіне сәйкес, Президентке деген сенім деңгейі 86,9%-ды құраған. Зерттеу авторларының айтуынша, бұл көрсеткіш барлық жас топтарында жоғары деңгейде сақталған.

Бұл – қоғамды біріктіретін маңызды факторлардың бірі. Сонымен қатар мемлекеттік институттарға деген сенімнің артуына және алдағы сайлауға қатысты оң электоралдық көңіл-күйдің қалыптасуына ықпал етеді. Ал сайлауға қатысты зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 75,1%-ы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін білдірді,- дейді Азамат Байғалиев.

Бұдан бөлек, сайлауға қатысуға дайындық деңгейі аға буын өкілдері арасында жоғары екені анықталды. Бұл көрсеткіш аталған топта 80,7%-ды құраса, жастар арасында 69,4% болған. Ал жоғары білімді азаматтар мен ауыл тұрғындары да сайлауға қатысуға жоғары дайындық танытқан.

Наверх