Президентке қолдау көрсетіп , тығырықтан тез шығуға көмектесейік - Байменов

8 Қаңтар 2022, 14:28
1717
Бөлісу:
Президентке қолдау көрсетіп , тығырықтан тез шығуға көмектесейік - Байменов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Мемлекеттік істер жөніндегі өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов елдегі жағдайға қатысты пікір айтты.

Мемлекет тағдыры қыл үстінде. Бейбіт халықтың әділ наразылығын өз мақсатында кімдер пайдаланып жатқаны туралы түрлі болжам бар , нақты ақпарат ешкімде жоқ . Сыртқы күштердің геосаяси мүдделері , содырларды жалдап ұйымдастырған  ішкі күштер қақтығысы , немесе осының бәрі аралас , сыбайлас болуы да мүмкін. Қалай болса да әлеуметтік экономикалық талаппен шыққан халықты қалқан қылып қантөгіс ұйымдастырғандар - мемлекет пен еліміздің жаулары. Олардың сыбайластары - түрлі деңгейдегі құныққан шенділер мен ақшасына айтқанын істетіп үйренген алпауыт қалталылар екені де анық,-деді ол.

Оның айтуынша, басында бейбіт мақсатта шыққандардың біразы алданып , біразы ашу жетегінде кетіп содырларға қалай қосылғандарын байқамай да қалған шығар.

Одан соң қантөгіс пен бассыздық басталды .Қалыптасқан ахуалда шешім қабылдап ,атқарушы органдарға тапсырма беріп орындата алатын - жалғыз Президент. Алғашқы күндері бейбіт талаппен ұйымдасқан түрде шыққан маңқыстаулықтармен келіссөз үшін Президент комиссия құрып , ортақ шешімдер қабылданды. Ақтау мен Жаңаөзенде де , кейін басқа кейбір облыстарда да шерушілер ұйымдастырған митинглерде әкімдер де қатысып , бейбіт пікірталас жүре бастаған еді. Бұл да Президент тапсырмасымен болғаны сөзсіз,-деді Бәйменов.

Алматыда  кейбір өңірлерде олай болмады.

Бір жағынан бұл сол жердегі атқарушы билік әлсіздігінен болса , екінші жағынан ашық , жария жетекшілері мен ұйымдастырушылары белгісіз жағдайда келіссөз мүмкіндігі де жоққа тән . Осыны лаңкестер мен содырлар , оларды айдап салушылар пайдаланды . Қантөгіс пен бассыздық мемлекет болып сақталудың өзіне қауіп  төндіруде. Қалыптасқан жағдайда Президент Тоқаев бар жауапкершілікті өз мойнына алып , шешім қабылдай бастады,-деді ол.

Ол атағандай, өкілетті деп аталатын органдар мен билік партиясы сөз жүзінде ғана бар ұйымдар екені көпшілікке түсінікті болды.

Кешегі Президент сөзінен біраз ақпарат алдық . Маңыздысы , ол кісі бейбіт шерушілер мен лаңкестерді бөліп қарайтынын жеткізді .Кейбір көпшілік көкейіндегі сұрақтарға дәлелдер жиналған соң  Қасым -Жомарт Кемелұлы 11 қаңтардағы сөзінде бүкпесіз жауап береді деп сенемін.  Содан соң дүдамал сейіліп , жағдайды қалпына келтіруге қолайлы қоғамдық ахуал қалыптасуы тиіс.  Оқиғаларға түрткі болған себептер , нақты қылмыскерлер туралы болжам көп , ақпарат аз. Дегенмен бір жәйт анық . Жемқорлық , құныққандардың жүгенсіз кетуі ,кейбіреулердің  мемлекетті, халық қазынасын меншігіндей пайдалануы ,байлық пен биліктің бірігіп , сыбайласуы осыған әкелді. Оны көпшілік те біледі. Жағдай қалпына келген соң жүргізілетін реформаларда , шешімдерде осы ескерілуі тиіс.Қазір баршамыздың міндетіміз - жауапкершілікті мойнына алып , ахуалды қалыптастыруға күшін салып отырған Президентке қолдау көрсетіп , жағдайды тұрақтандыруға үлес қосу. Ол кісінің кейбір шешімдерін саралағанда , елді жегідей жеген жемқорлардың  құқық қорғау, арнайы қызмет , әскер сапына да еніп кеткенін , ол жердегі кейбір күштердің пиғылдарына да соған байланысты сенім деңгейі төмен екенін түсіну қажет,-деді ол.

Ол атағандай, Президенттен басқа бүгін шешім қабылдап , орындата  алатын билік жоқ .

Тәртіп қалпына келмесе , мемлекеттігімізден айырыламыз . Сондықтан , қымбатты азаматтар , отандастар , Президентке қолдау көрсетіп, тығырықтан тез шығуға көмектесейік . Сын сағатта бір болайық ! Алла тәуелсіз Қазақстанымызға жар болсын,-деді ол.

Өзгелердің жаңалығы