Президентке аймақтағы шынайы ахуал бүркемесіз айтыла ма

27 Желтоқсан 2023, 15:14
384
Бөлісу:
Президентке аймақтағы шынайы ахуал бүркемесіз айтыла ма
Фото: Ақорда

Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәлидің эксклюзивті сұхбаты Іnform.kz-ке шыққан екен. Сол сұхбаттан үзінді ұсынамыз.

Биыл Президент бірқатар облысқа барды. Әлбетте, облыс әкімдері Мемлекет басшысына өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму барысын жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Әйтсе де аймақтарда қордаланған мәселелер баршылық. Мәселен, жылыту маусымы кезінде болған апаттар коммуналдық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткенін көрсетті. Жалпы, Президентке аймақтағы шынайы ахуал бүркемесіз жеткізіле ме?

– Дұрыс айтасыз, әрбір әкім өзі басқаратын облыстағы жетістіктерді барынша жеткізуге тырысатыны белгілі. Әйтсе де, Президент еліміздің тыныс-тіршілігін ұдайы бақылауында ұстап отыр. Ел ішіндегі шынайы ахуалмен жақсы таныс. Оның үстіне, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері күнделікті қажетті ақпаратты жеткізіп отырады. Мемлекет басшысының өзі де әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын шолып, тиісті тапсырмалар береді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл еліміздің 14 өңіріне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыстардағы өндірістік, әлеуметтік нысандарды аралап қана қоймай, жергілікті тұрғындармен, кәсіпкерлермен, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

Өзіңізге мәлім, Екібастұз, Рудный, Риддер, Ақтау қалаларында коммуналдық желілер істен шығып, тұрғындар қиын жағдайға тап болды. Осы жағдайлардың бәрін Президент жіті бақылауына алып, Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Тамыз айында Екібастұз жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен арнайы барып танысты. Жалпы, төтенше жағдайлар кезінде Мемлекет басшысы жұмыс кестесін бұзып, оқиға орнына шұғыл аттанып кетеді. Мәселен, Абай облысында болған өртке байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Вьетнамға ресми сапарын кейінге шегерді. Қарағанды облысындағы көмір шахтасында болған апат кезінде де оқиға орнында жедел штаб отырысын өткізді. Жақындарынан айрылған отбасылармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Азаматтарға қажетті көмек көрсетуге пәрмен берді.

Мемлекет басшысының аймақтарға жұмыс сапары нәтижесінде облыстардағы қордаланған мәселелерге талдау жасалады, кейін соның негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін тиісті шешімдер қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы