Президентімізге айтарлықтай қарсылас жоқ – Самат Нұртаза

21 Қыркүйек 2022, 19:05
2773
Бөлісу:
Президентімізге айтарлықтай қарсылас жоқ – Самат Нұртаза

Қазақстанның қоғамдық даму институтының медиа-коммуникация және PR басқармасының жетекшісі Самат Нұртаза алдағы кезектен тыс сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

20 қарашадан кейін біз жаңа дәуірге қадам басамыз деп ойлаймын. Себебі ол уақытқа дейін көптеген уәделер берілді. Реформалардың бағыты айқындалды. Енді соның барлығын іске асыру үшін президентіміз айтқандай, жеті жыл әбден жетіп жатыр. Айтылған уәделер орындалады деп сенемін, - деді саясаттанушы.

Ол Президентіміз әлі сайлауды жеңбегенімен, оған лайық қарсылас жоқ деп есептейді. 

Қарсыластары болады. Бірақ айналамыздағы орыс-украин, армян-әзірбайжан, тәжік-қырғыз соғыстарын, Қытайдың Тайваньдағы саясатын қарасақ, қазір біз бейбітшілік, тұтастық, мейірім мен түсіністік аралы сияқты болып тұрмыз. Қазақстан ғана тыныш, Қазақстан ғана бейбіт. Осындай кезде, менің ойымша, Қасым-Жомарт Кемелұлының дипломатиядағы білімі, тәжірибесі, кәсіпқойлығы, дүниежүзілік беделі, БҰҰ-дағы жұмысы алға шығады. Сондықтан қазіргі жағдайды ескере отырып, алдағы сайлауда Президентімізге айтарлықтай қарсылас жоқ деп ойлаймын, - деді ол.

Сонымен қатар Самат Нұртаза сайлаудың болатыны қыркүйектің басында айтылғанын еске салып, президенттікке өз кандидатураларын ұсынатын адамдарға үгіт-насихатын жүргізуге уақыт жеткілікті екенін айтты.  

Өзгелердің жаңалығы