Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан нақты тапсырмаларына қатысты пікірін білдірді.
Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Алдағы бағыт-бағдар мен негізгі мақсат-міндеттер пысықталды. Президентіміз өз сөзінде қазақстандықтардың нақты табысын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік шығындарды оңтайландыру, азаматтардың өтініштерін қараудың тиімділігін арттыру және интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты мәселелерді шешу жұмыстары бойынша тапсырмалар берді. Президентіміз сатып алудағы жергілікті өнімдердің үлесін ұлғайту және азаматтарды, әсіресе, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша атқарылған шаралардың олқы тұстарына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы көлеңкелі экономикамен, жалған кәсіпорындармен және әдейі салық төлемейтін кәсіпкерлермен күрес мәселесіне де назар аударды. Инвестиция тарту жүйесін жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Отырыста еліміздің әр өңіріндегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне қатысты мәселелер де көтерілді, – деді Әшімбаев.
Сонымен қатар, ашық бәсекелестікке кедергі келтіретін негізгі проблемаларды шешу үшін 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін тиісті заң қабылдау жұмыстарын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жер комиссиясының жұмысы қайта жанданатын болды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған жайылымдар мәселесіне де баса көңіл бөлді. Экология саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізу үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленеді. Денсаулық сақтау және білім беру салаларын әрі қарай реформалауға қатысты жаңа бастамалар да айтылды. Соның аясында денсаулық сақтау ұйымдарында инвентаризация жүргізіледі және жыл соңына дейін 200 жаңа мектеп салынады. Одан бөлек, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірленеді, – Сенат төрағасы.
Мемлекет басшысы халықты вакцинациялау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Бұл тақырып қазір қоғамда жан-жақты талқыланып жатқаны белгілі.
Осы ретте Денсаулық туралы кодексті қабылдау кезінде сенаторлар емдеуден және профилактикалық екпелерден бас тарту мүмкіндігі туралы түзетулер енгізгенін атап өткен жөн. Сондықтан әлеуметтік желілерде айтылып жүрген кейбір пікірлерге байланысты Қазақстанда вакцина егуді мәжбүрлі түрде жүргізу мүмкін еместігін айтқым келеді. Алайда, тек вакцинация арқылы ғана пандемияға тосқауыл қоюға болатынын түсінуіміз керек. Тарихта мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Індет жайлаған кезеңдерде вакцина адамзатты бірнеше рет аман сақтап қалды. Сондықтан қазір таңдау жасауымыз қажет. Қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, үлкен әлеуметтік салдары бар карантиндік шектеулерді әрі қарай күшейткен дұрыс па, әлде жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қалыпты өмірімізге қайта оралғанымыз жақсы ма? Жауап әркімге түсінікті болар. Вакцинациялау - мәжбүрлі шара емес. Бірақ, тұтас халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан өте маңызды қадам. Сондықтан мемлекеттік аппарат пен қоғамдық институттар бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге тиіс. Бүгінгі отырыста Президентіміз бұдан басқа да маңызды мәселелерге тоқталып, Үкімет пен әкімдерге нақты міндеттер жүктеді. Осыған орай Сенат алдағы уақытта Мәжіліспен бірлесіп, Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын табысты іске асыруға қажетті заңдар қабылдау жұмыстарына басымдық береді, – Сенат төрағасы.
Оқи отырыңыз: